Шымкент: Аты да, заты да жоқ аялдама

0
2 230

Еліміздің үшінші мегаполисіне айналған шымшаһардың жаңа әкімшілік іскерлік орталығына жақын маңдағы Т.Назарбеков көшесінде аялдаманың белгісі болғанымен өзі жоқ. Бұл жағдай қоғамдық көлікпен қатынайтындарды көптен қинап жүр. Ал, жауапты мекемедегілер биыл бұл мәселеге бюджеттен қаржы бөлетіндіктерін айтады.


Шымкент: Аты да, заты да жоқ аялдама

Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданындағы аялдама мәселесі әлі күнге шешімін таппай тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданындағы Төлепбек Назарбеков көшесіндегі аялдаманың өкінішке орай аты да, заты да болмай тұр. Сондықтан жергілікті жұрт бұл жерді «Ескі ЦОН» немесе «Екінші поворот» деп атап кеткен. Әйтеуір осы маңайдағы бағанаға ілінген белгіні байқаған автобустардың тоқтайтыны жолаушылардың көңілді қуантады екен. Десе де, қар не жаңбыр жауып ауа райы қырын мінез көрсете қалса, бас тығарға пана таппай әбіржіп жүр нұрсәттіктер.

«Мен осы тұрғын үйде 2017 жылдың көктемінен бастап тұрамын. Содан бері осы аялдама мәселесін көтеріп жүрмін. Бір жарым жылдан бері мәселенің мән-жайымен танысуға жауапты мекемелерден ешкім келген жоқ. Мына қоғамдық көліктер келіп тоқтағанда көшеден өтетін балаларға қауіп төндіреді. Одан кейін, қатарынан келген екі қоғамдық көлік ауладан шығатын көліктерге де кедергісін келтіреді. Мысалы, осындай жағдайдың кесірінен орын алған жол апатын екі рет өз көзіммен көрдім. Менің көрмегенім қаншама? Осы мәселемен тура жанымызда тұрған Қаратау ауданы әкімдігі қызметкерлері қашан танысып, шешеді екен?!», - дейді қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы.

Ал, Қаратау ауданы әкімдігі қызметкерлері, «осы аялдама мәселесімен 2018 жылдың қараша айынан бастап айналысып келеміз. Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Н.Аманқұловқа осы аялдамалар мәселесі жөнінде хат жіберіліп, сол мекемеден жауап хат келді. Алдағы уақытта ол жерге заманауи аялдама орнатылады», - деген болатын.

Десе де, сол Шымкент қаласының энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасынағылар «Т.Назарбеков көшесінің сол тұсына «карманчик» салынған жағдайда ғана аялдама орнатуға бюжеттен қаржы қарастырамыз» дейді. Ал, «карманчикті» салу Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының құзырында екен. Яғни, «сен салар да мен салар, атқа жемді кім салардың» кебімен аялдама жыры тағы біразға созылар түрі бар.

Айта кетейік, бұл аялдама Нұрсәт шағынауданы Т.Назарбеков көшесінің бойындағы №3 көп қабатты тұрғын үйдің тұсында орналасқан.