ШЫМКЕНТ: Биылдан бастап «Күміс жас» жобасына 50 жастан асқандар да қатыса алады

0
707

Аталған жобаға 50 жасқа толған қазақстандықтар 3 жылға дейін қатыса алады.


ШЫМКЕНТ: Биылдан бастап «Күміс жас» жобасына 50 жастан асқандар да қатыса алады

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тартуға бағытталған «Күміс жас» жобасына қатысушылардың контингенті мен қатысу кезеңі кеңейтілетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің басшысы Бахтияр Өнербаев брифинг барысында мәлімдеді.
Аталған жобаға 50 жасқа толған қазақстандықтар 3 жылға дейін қатыса алады.
Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, жоғарыда көрсетілген жобаны іске асыру шеңберінде жұмыс берушілер мемлекеттен белгіленген жалақы мөлшерінің 50%-ына субсидия (бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен (бұдан әрі – АЕК) көп емес) ала отырып, зейнеткерлік жасқа дейінгі (58 жастан бастап) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарын құрады. Бұл ретте жұмыстың ұзақтығы 12 айдан аспайды.
2023 жылдан бастап «Күміс жас» жобасына қатысушылар контингентіне 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтар енгізіледі. Жобаға қатысу мерзімі 36 айға дейін. Сондай-ақ, қатысушылардың жалақысы бойынша субсидиялар мөлшері ұлғайтылады.
Субсидиялар мөлшері жұмыстың бірінші жылында жалақы мөлшерінің 70%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың екінші жылында жалақы мөлшерінің 65%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын), жұмыстың үшінші жылында жалақы мөлшерінің 60%-ын (бірақ 30 АЕК-тен аспайтын) құрайды.
Сонымен қатар жоба аясында «жеке көмекші» және «әлеуметтік қызметкер» кәсіптері бойынша жұмыс орнын алу мүмкіндігі пайда болады.
Айта кетейік, «Күміс жас» жобасын іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен жыл сайын кемінде 15 мың адамды қамту жоспарлануда. "Күміс жас" жобасы бойынша жұмыс іздеуші ретінде тіркелу үшін Халықты жұмыспен қамту орталықтарына немесе Еnbek электрондық еңбек биржасына жүгіну қажет.