ШЫМКЕНТ: Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырханға пәтер табысталды

0
489

Жеке жаттықтырушысына 5 миллион теңге ақшалай сыйлық берілді.


ШЫМКЕНТ: Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырханға пәтер табысталды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Бокстан Әлем чемпионатының жеңімпазы Махмұд Сабырхан мен жеке жаттықтырушысы Илияс Оралбековты қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Дүбірлі додада еліміздің құрамасы 4 алтын, 1 күміс медальмен толықты. Бұл жеңісте 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен шымкенттік сайыпқыранның үлесі зор. Спортшы ақтық бәсекеде өзбекстандық Айбек Джураевты екі мәрте нокдаунға жіберіп, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Жерлесіміз осыған дейін Куба, Гана, Үндістан мен Мажарстан спортшыларын жеңген болатын.
Мұрат Дүйсенбекұлы құрама қоржынына екінші алтынды салған спортшы мен оның жеке жаттықтырушысын құттықтап, алдағы Азия және Олимпиада ойындарына сәттілік тіледі.
Әлемдік аренада еліміздің абыройын асқақтатып, туымызды желбіреткен спортшыға 2 бөлмелі пәтер, ал жеке жаттықтырушысына 5 миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды.