ШЫМКЕНТ: Дәстүрлі "Сабантой" мерекесі тойланды

0
2 495

«Сабантой» мерекесі жауһар мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.


ШЫМКЕНТ: Дәстүрлі

Бүгін Шымкенттегі Абай саябағында қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сабантой» мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Абай ескерткішіне гүл қоюдан басталған салтанатты жиында көпшілік «чак-чак», «умачты», «токмач», «чумар», «перемячи» сынды татар және башқұрт халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашалады. Қолөнер көрмесімен татар күресі, арқан тарту, қол күресі, дорбамен ұрысу сынды ұлттық спорттық ойындарды қызықтады.

Шара барысында Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Ербол Байқонақов, қоғам қайраткері, қалалық ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев және бірқатар этномәдени бірлестіктердің төрағалары құттықтау сөз сөйлеп, елдегі берекелі бірлікті сақтаудың маңызына тоқталды.

Дәстүрлі мереке көптеген түркі халықтарының ең маңызды оқиғалар күнтізбесіне кіреді. Шара қаламызда тұратын түрлі этнос пен дін өкілдерінің бірігуіне жол ашады. Дәстүр бойынша мерекені жиын-терім көп болсын деген ырыммен тойлаған.

"Бұл көктемгі егін егу науқанының аяқталуына орай жасалатын ұлан-асыр той. Яғни егін егіп, көңілі жайланған ағайынның көл-көсір қуанышын білдіреді. Қазіргі таңда мейрам қазақстандықтар үшін маңызы зор мерекеге айналды. Бүгінгі іс-шара елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің берекелі бірлігін нығайтып, ынтымағын арттыра түседі, - дейді қалалық татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрайымы Ася Мухамедова.
«Сабантой» мерекесі жауһар мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілген.

Ал, Шымкентте 1990 жылдан бері өтіп келе жатқан «Сабантой» шағын ұлттық думан деңгейінен халықтың береке-бірлігін дәріптейтін, этностарды біріктіретін өзгеше мерекеге айналды.

Айта кету керек, бүгінде Шымкентте 10 мыңнан астам татармен 400-ге жуық башқұрт этносының өкілдері тұрады. Өз болашағын Қазақстанмен байланыстырған олар еліміздің әл-ауқатын арттыру жолында түрлі салаларда жемісті еңбек етуде.