ШЫМКЕНТ: Дауға айналған "моншадағы мектеп" қашан ашылатыны белгілі болды

0
2 179

Аталған мектеп ғимаратына «Мың бала» есімі беріліпті.


ШЫМКЕНТ: Дауға айналған

фото: ERNUR.KZ

Шымкент қаласы Нұрсәт шағын ауданындағы бұрын монша болған ғимараттағы мектеп оқу жылының екінші тоқсанында қолданысқа беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл шешім бүгінгі №80 мектеп-лицейінің аталған ғимаратында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Мәдәліұлының басқаруымен және қалалық білім бөлімі, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, әділет департаменті, мектеп басшылығы, ғимарат иесі мен қалалық қамқоршылық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен жиында қабылданды.


Еске сала кетсек, бұл мәселе 2019 жылдың 4 қыркүйегінде көтеріліп, ата-аналар "Бұл жер таза жер емес", «Мәселені шешпесеңдер Тоқаевқа шығамын...» деген шағым жасағанын хабарлаған едік. Тиісінше, сол күні монша орнына ашылған №80 мектеп-лицейінің қосымша ғимаратында оқитын балалардың ата-аналары, мектеп басшылығы, «Nur Otan» партиясының мүшелері мен ғимаратты жалға беруші және жауапты басқарма мамандары кездесіп, дау-дамайға айналған мәселені талқылаған.



Сондай-ақ, сол кездесудің қорытындысы бойынша, Бахадыр Нарымбетов оқушыларды уақытша басқа мектепке көшіріп, 1 айдың көлемінде тазалық, жарықтандыру жұмыстарын талапқа сай етіп орындауды ұсынған. Ал, бұрынғы монша ғимаратының иесі Сарбасов Достияр Мұсақанұлы болса, жиынға қатысушылардың алдында аталған жұмыстардың барлығын жүргізіп, талапқа сай етіп жасауға уәде берген еді.


Нәтижесінде, бұл ғимарат аумағында біршама жұмыстар атқарылып, мәселенің 90%-ы шешілген. Сонымен қатар, ғимараттағы асхана, дәрігерлік бөлме, мектеп алдындағы жолға "жылдамдық бәсеңдеткіш" (лежачий полицейский) қою және көшені жарықтандыру жұмыстары алдағы екі аптаның ішінде атқарылып, оқу жылының екінші тоқсанына дайын болады және ескірген орындық пен партаға тапсырыс беріліп, жаңартылады. Ол туралы жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Мәдәліұлы айтып, жауаптыларға нақты тапсырмала жүктеді.

«Құрметті ата-аналар, енді екі апта шыдайық. Ғимарат иесі жұмыстарын толық бітірсін де, құжаттарын рәсімдесін. Ал, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет жұмысты созбай, тезірек рұқсат беруге ықпал жасасын. Сөйтіп, екінші тоқсанда мектепті ашып, оқуды осы жерден бастайық», - деді Б.Нарымбетов.


Айта кетейік, мектептің негізгі ғимаратына сыймай қалу салдарынан мың оқушыға арнап салынып, арты дау-дамайға ұласқан бұл мектеп ғимаратына бүгінгі таңда «Мың бала» есімі беріліпті.