ШЫМКЕНТ: Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзету енгізіледі

0
665

Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының игерілу мерзімі 5-10 жыл.


ШЫМКЕНТ: Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзету енгізіледі

Шымкент қаласында егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзету енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Архабаев Нұрлан Төлепбергенұлы қаланың дамуына байланысты бас жоспар мен мемлекет меншігіне алынатын жер учаскелері туралы өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңының 47-1-бабында елді мекеннің белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспары негізінде елді мекендер аумақтарының жекелеген бөліктерін егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленеді. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларының игерілу мерзімі 5-10 жыл.
Тұран, Нұртас шағын аудандары орналасқан аумақтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары 2015 жылы бекітілген. Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қала статусына ие болуына сәйкес, қаламыз қарқынды дамып жатыр. Қазіргі таңда, қаламыздың жекелеген бөліктерінде инвестициялық жобалар арқылы көп қабатты тұрғын үйлер көптеп соғылуда.
Бүгінгі таңда Нұртас тұрғын алабында да жеке инвесторлармен көп қабатты тұрғын үйлер салынуда.
Алайда, аталған аумақтардың инженерлік инфрақұрылымдық жүйелерін қуаттылығы құрылыс нысандарына есептелмеген, жеткіліксіз.
Осыған орай, талдау нәтижесінде 2021 жылы аталған аумақтардың егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына түзету енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп, жобада көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік және тағы да басқа нысандар қарастырылды.
Алдағы уақытта, қала жобаға сәйкес дамыған жағдайда, шамамен 10 жылдың көлемінде, жобаланған көп қабатты тұрғын үйлер мен қажетті әлеуметтік нысандарға қажетті инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің қуаттылығы есептелініп, осы инфрақұрылым жүйелерін тарту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады.
Алайда бұл жұмыстар жеке меншіктегі жер телімдерді мемлекет мұқтаждығына қайтарып алуды білдірмейді. Сондай-ақ, жобадағы қарастырылған құрылыстарды жүргізуге қажеттілік туындаған жағдайда ғана, жер телімдерінің егелерімен келісе отырып, нарықтық бағадағы өтемақы немесе мүмкіндігіне қарай қала аумағынан тең бағалы өзге жер учаскесі ұсынылатын болады.