ШЫМКЕНТ: Әйелін ұрып өлтірген қылмыскер 12 жылға сотталды

0
1 529

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен Е.Е. қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, он екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.


ШЫМКЕНТ: Әйелін ұрып өлтірген қылмыскер 12 жылға сотталды

Иллюстрияциялық фото: Ғаламтордағы ашық дереккөзден алынды

Азаматтық некедегі әйелін сыраға жұмсап, айтқанын істете алмаған отыз жастағы жігіт жұбайын жер жастандырған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкент қалалық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен Е.Е. қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, он екі жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Қанды оқиға өткен жылдың жаз мезгілінде Шымкенттегі Қайнарбұлақ елдімекенінде болған еді. Араққа әбден масайып алған жігіт азаматтық некедегі әйелін сыраға жұмсамақшы болған. Ер азаматының тілегін орындағысы келмеген әйелі екеуі ақыры жанжалдасып қалады. Кикілжің кезінде қаны қарайып алған отыздағы отағасы әйелін ұрып тастайды. Өміріне қауіп төндірген таяқтың астында қалған келіншек алған жарақаттарынан көз жұмған.

Оқиға болған күні үйде әпкесіне қонаққа келген жәбірленуші әйелдің кішкентай туыс сіңлісі болған. Одан бөлек, азаматтық некедегі екеудің ортақ жасы бірге толмаған егіз сәбиі болған. Емізулі күйінде анасынан айырылған бүлдіршіндер қорғаншылық органдардың шешімімен басқа ет жақын туыстарының болмауына байланысты Шымкент қаласындағы бөбектер үйіне жіберілген. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енген.