ШЫМКЕНТ: Қала әкімі өзекті мәселелерді жасырмау керек екенін айтты

0
1 607

Е.Айтаханов: «Біз алдағы уақытта тығыз байланыста болып, қаланың ең өзекті мәселелерін бірге шешетін боламыз»


ШЫМКЕНТ: Қала әкімі өзекті мәселелерді жасырмау керек екенін айтты

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінде қала әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысының күн тәртібінде спорт пен мәдениет саласын дамыту, ауылшаруашылығы және ветеринария саласы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру мәселелері қаралды.

Аталған кеңес барысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атқарушы органдарға, жергілікті билікке халықпен ашық әрі шынайы байланыс орнатуды тапсырғанын айтқан әкім проблемаларды жасырмай, керісінше шешу жолын қоғамдық кеңеспен бірлесе отырып қарастыру қажет екенін атап өтті.

«Біз проблемаларды жасырмай, керісінше шешу жолын қарастыруымыз қажет. Жергілікті қоғамдық кеңес осы бағытта бізбен тығыз байланыста жұмыс істейді деп сенемін. Ел мүддесі жолындағы әрбір жақсы әрекет азаматтың бағын ашып, абыройын көтереді. Сондықтан біз алдағы уақытта тығыз байланыста болып, қаланың ең өзекті мәселелерін бірге шешетін боламыз», - деді қала басшысы.

Сондай-ақ, отырыста күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша жауапты сала басшыларының баяндамаларын тыңдаған кеңес мүшелері көтеріліп отырған мәселелер бойынша пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Сонымен қатар, кеңес мүшелері – Қожамжарова Дариякүл, Өтеген Жанысбек, Білісбеков Жұмағали сынды азаматтар қоғамдық кеңестің жұмысын жандандыру бойынша кеңес мүшесін қайта қарауды ұсынды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда кеңес құрамында түрлі саладан құралған 27 мүше бар екен.