ШЫМКЕНТ: Қала тұрғындарына пәтер орнына үй салатын жер беру туралы ұсыныс айтылды

0
2 134

Шымкент әкімі Ерлан Айтаханов Қоғамдық кеңес мүшесінің ұсыныстарын қолдады.


ШЫМКЕНТ: Қала тұрғындарына пәтер орнына үй салатын жер беру туралы ұсыныс айтылды

Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында тұрғындарға жер беру жайлы ұсыныс айтылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл ұсынысты Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтахановқа Қоғамдық кеңес мүшесі Өтеген Жанысбек айтты.

«Бүгінгі таңда азық-түлік бағасының қымбаттауының негізгі себебі – қала халқының көпқабатты үйлерге көп қоныстанып, егін егумен, мал асыраумен айналысуды қойып бара жатқандығы. Бәрінің арманы пәтер, ал азық-түлік пен керек-жарақты ойлап жатқандар жоқтың қасы. Сондықтан, қала тұрғындарына көпқабатты үйден пәтер емес, үй салатын және егістік пен жайылымға жер беру керек деп ойлаймын», - деді Қоғамдық кеңес мүшесі Жанысбек Тұрсынәліұлы.

Сондай-ақ, Қоғамдық кеңеске қатысқан Шымкент қаласының әкімі де бұл ұсынысты қолдайтынын жеткізді.

«Азық-түлік бағасына байланысты мәселені шешу үшін бұрынғы қарым-қатынастарды орнату керек. Яғни, Түркістан облысымен бірігіп үлкен жәрмеңкелер өткізуді жандандырып, аудандарды Шымкентке тарту қажет. Әйтпесе, азық-түлік мәселесін мүлдем шеше алмаймыз. Сонымен қатар, қала аумағындағы егістік жерлерді пайдалану да жоспарда бар. Сондай-ақ, көпқабатты үйлердің тұрғындарының мүмкіндігі жер үйде тұратын адамдарға қарағанда әлдеқайда шектеулі деген пікірді қолдаймын. Бұл ойымды төрт ауданды аралаған кезде де тұрғындардың өзіне ұсыныс ретінде айттым. Жайылымы мен егістік жерлері бар адамдар жұмыс істеу керек. Тиісінше, мемлекет тарапынан оларға бірқатар көмектер көрсетіледі», - деді өз сөзінде қала әкімі Ерлан Айтаханов.

Айта кетейік, осының алдында Шымкент қаласы Қоғамдық кеңесінің отырысы өтіп, онда бірқатар мәселелер талқыланған болатын.