ШЫМКЕНТ: Қамауға алынған бас дәрігердің орнына жаңа басшы тағайындалды

0
1 053

Жаңа басшы Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұйрығымен тағайындалды.


ШЫМКЕНТ: Қамауға алынған бас дәрігердің орнына жаңа басшы тағайындалды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте қамауға алынған бас дәрігердің қызметін уақытша жаңа басшы болып орынбасары болған Шыңғыс Байменов атқарады, деп хабарлайды ERNUR.KZ ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Атап айтсақ, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиев «№1 қалалық клиникалық ауруханасына» барып, ұжыммен кездесті. Жабық жағдайда өткен басқосуда бас дәрігердің уақытша міндетін атқарушы ретінде бұған дейін аталған ауруханада бас дәрігердің хирургия саласы жөнінде орынбасары қызметін атқарған Шыңғыс Байменовты таныстырды.

Сондай-ақ, басқарма басшысы болған жәйтті әлеуметтік желілерден көріп, хабардар болғанын айтты.

«Болған жәйтке байланысты кеше Денсаулық сақтау министріне Елжан Біртановқа, қаланың әкімі Ерлан Айтахановқа негізгі мәліметтерді жібердім. Барлық мәліметтерді жазбаша түрде жібердік. Енді қазір аурухананың ұжымына келіп, осы кісілермен кездесіп, жүздесіп, бүгінгі таңға барлықтарымызды сабырлық сақтайық деп түсіндірдім. Негізі барлығы заңмен болу керек, біріншіден. Екіншіден, оқиғаның анық-қанығына жету керек. Үшіншіден, моральдық –этикалық нормаларды да сақтау керекпіз. Бүгінгі таңда №1 қалалық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы етіп Шыңғыс Болатұлын қойдық», - деді Асхан Байдувалиев.

Сонымен қатар, тілшілердің осы қылмысқа қаншалықты сенесіз деген сауалына басқарма басшысы дәл қазір ештеңе айта алмайтынын жеткізді. Оған қоса, уақытша тергеу абақтысына қамалған бас дәрігер Абылай Донбайға қандайда бір мінездеме беруден бас тартып, тергеудің соңын күтуге шақырды.

«Қазір мен ештеңе айта алмаймын, көрейік, барлығын күтейік. Мінездемені де бере алмаймын. Бәрі анықталған соң, біз ресми түрде жариялаймыз»,- деді басқарма басшысы.

Айта кетейік, күні кеше еліміздің ІІМ Тергеу департаменті Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігерін уақытша қамауға алғанын хабарлаған болатынбыз.