Шымкент: Карантинде той өткізген азаматтар жауапқа тартылды

0
2 314

«Тұмар» мейрамханасында азаматтар карантиндік талаптардың бұзылуына жол беріп, той өткізіп жатқаны анықталды.


Шымкент: Карантинде той өткізген азаматтар жауапқа тартылды

Шымкентте мобильді топтар кәсіпкерлік нысандарда карантин режимінің сақталуын бақылау мақсатында рейдтік іс-шараларды жалғастыруда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, кезекті рейд барысында Тәуке хан даңғылында орналасқан «Тұмар» мейрамханасында азаматтар карантиндік талаптардың бұзылуына жол беріп, той өткізіп жатқаны анықталды. Аталған жайт бойынша жинақталған құжаттар Шымкент қаласы Еңбекші ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына заңды шешім қабылдау үшін жолданды.

Сондай-ақ рейдтік жұмыстарын жүргізу барысында Абай ауданы Гагарин көшесінің бойында орналасқан «Батырхан» тойханасы адамдардың шоғырлануына жол беріп, мерекелік жиын өткізіп жатқаны белгілі болды. Тойхана иесіне заңды шара қолдану үшін Абай ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына іс-құжаттар жинақталып, жіберілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 25 қаңтарға дейін карантинді ұзарту туралы қаулысы шыққан. Қаулы бойынша, Шымкент қаласының тұрғындары мен қонақтарына адам көп жиналатын іс-шараларды, оның ішінде еске алу, туған күн, мерейтой, шығарып салу, құдалық, той және басқа да іс-шараларды өткізуге тыйым салынады.