Шымкент халқы Денис Теннің рухына тағзым етті

0
1 368

Тағзым ету рәсімінде бірге жаттыққан спортшылар, жаттықтырушылар жарқын естеліктерімен бөлісіп, гүл шоқтары қойылды.


Шымкент халқы Денис Теннің рухына тағзым етті

ERNUR.KZ. Шымкент қаласында Денис Теннің рухына тағзым ету рәсімі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Шымкент қаласындағы «Мұз сарайының» алаңында қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қолда жүлдегері Денис Теннің рухына тағзым ету рәсімі өтті.

«Бүгінгі рәсімге жиналған себебімізді білесіздер. ҚР еңбек сіңірген спорт шеберін ақтық сапарға шығарып салу қазақ еліне, сонымен қатар әлем спортына өте ауыр тиіп отыр. Денис Теніміз кеше ғана 25 жасында қарақшылар қолынан қаза тапты. Денис қазақтың қысқы спортының ішінде конькимен мәнерлеп сырғанаудың хас шебері болып, елімізді дүниежүзіне танытқан еді. Міне, талай халықаралық жарыстардың жеңімпазы санамызға өшпес ізін салып, арамыздан мәңгіге алыстап отыр», - деп қысқы спорт мектебінің директоры Бақытжан Зиябеков көңіл айтты.

Сонымен қатар, тағзым ету рәсімінде бірге жаттыққан спортшылар, жаттықтырушылар жарқын естеліктерімен бөлісіп, гүл шоқтары қойылды.

Еске сала кетейік, 25 жастағы Денис Тен 19 шілде күні Алматыда қарақшылардың сұққан пышағынан қаза тапқан болатын. Бүгін полиция қызметкерлері күдіктілердің бірінің суретін жариялаған еді.