ШЫМКЕНТ: ХҚО қызметкері алаяқтық жасады деп айыпталып отыр

0
716

Оң шешім қабылдауына жәрдемдесемін деп алдау арқылы азаматтың 250 мың теңге көлемінде ақшасын қалтаға басқан.


ШЫМКЕНТ: ХҚО қызметкері алаяқтық жасады деп айыпталып отыр

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент филиалының құқықтық қамтамасыз ету маманы алаяқтық жасады деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ERNUR.KZ inform.kz порталына сілтеме жасап.

Шымкент қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Cаll-centеr-ге келген хабарлама арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Шымкент филиалының маманы тарапынан жасалған алаяқтық әрекетті анықтаған.

«Ол ҚР Жоғарғы Сотының кассациялық сатысымен даулы жер учаскесіне қатысты азаматтық іс бойынша оң шешім қабылдауына жәрдемдесемін деп алдау арқылы азаматтың 250 мың теңге көлемінде ақшасын қалтаға басқан. Маман осындай күдікке ілінді», - делінген хабарламада.

Сондай-ақ, күдікті өз кінәсін мойындап, қорғаушысы екеуі процессуалдық келісім жасасу туралы өтініш берген. Осыған байланысты күдіктіге қатысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылмады.

Өз кезегінде «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкенттегі қызметкерінің алаяқтық күдігіне ілінуіне түсінік берді.

«13 қарашада бірнеше БАҚ беттерінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының» Шымкент қалалық филиалы бойынша құқықтық қамтамасыз ету маманы алаяқтықпен айналысқан деген жаңалық шықты. Осыған байланысты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы маманының аталған іс-әрекеті оның лауазымдық міндеттерімен және мемлекеттік корпорацияның тікелей қызметімен байланысты емес екенін хабарлайды», - делінген хабарламада.

Осы орайда «Азаматтарға арналған үкімет» өз қатарының адалдығы қағидаттарын ұстанатындығы, сол себепті өз күшімен, сондай-ақ уәкілетті және құқық қорғау органдарымен ынтымақтастықта сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою бойынша жұмыс жүргізетіні аталып өтті.