ШЫМКЕНТ: Қоғамдық кеңес қамаудағы бас дәрігерді қорғайтынын мәлімдеді

0
1 072

Бұл туралы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында айтылды.


ШЫМКЕНТ: Қоғамдық кеңес қамаудағы бас дәрігерді қорғайтынын мәлімдеді

Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесі адам ағзасын заңсыз алу күдігіне іліккен дәрігерді ақтау туралы мәлімдеме жасамақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы Қоғамдық кеңес төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев Шымкент қаласы әкімдігінде өткен Қоғамдық кеңес отырысында Шымкент денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Тимирхан Варзиловтың 10 айда атқарған жұмысының есеп беруі кезінде айтып өтті.

Бұл бастаманы Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесуі кезінде кеңес мүшесі Жанысбек Өтеген көтерген болатын.

Шымкент денсаулық сақтау басқармасының есебі барысында Нұрғазы Бұқарбаев Қоғамдық кеңес Шымкент қалалық ауруханасының Бас дәрігері Абылай Донбайды қолдайтындығын жеткізді.

"Бізде жоғары дәрежедегі трансплантолог бар, ондайлар көп емес. Ол дәрігер, ол өз жұмысын істеген. Ешкімді мәжбүрлемеген. Былайшы айтқанда, біреуді мәжбүрлеп органын сатып алып, біреудің арасына түспеген. Хирургтарға келісімін алып келеді, нотариально, екінші адам келеді мен өз органымды беремін дейді, келіседі. Олар да мемлекетке ақшасын төлейді. Ал енді болса арасында біреулер кездестіріп, тапқан адам болса бұлардың қандай кінәсі бар деп сол себептен Қоғамдық кеңес мүшелірінің атынан үндеу тастап, оң көзбен қарап, бұндай врачтар көптеген адам өмірін сақтап қалады, трансплантологияға үлкен үлес қосып жүрген азаматқа қолдау ретінде мәлімдеме жариялаймыз", - деді Шымкент қаласының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұрғазы Бұқарбаев.

Сондай-ақ, осындай қолдау жұмыстары Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы тарапынан да жүргізіліп жатқандығы жайында басқарма басшысының орынбасары Тимирхан Варзилов жеткізді.

"Бұл мәселе көтерілген болатын. Қазіргі таңда аталған мекеме ұжымы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысына өтінішпен шыққан болатын. Біз өз маманымызды міндетті түрде сауатты да, кәсіби түрде қорғайтын боламыз", - деді Шымкент денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Тимирхан Варзилов.

Айта кетейік, Осы жылдың 18 қарашасында ҚР ІІМ Тергеу департаменті Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы қалалық коммуналдық кәсіпорнының бас дәрігері Донбай Абылай Әбдіжаппарұлын ұстап, уақытша қамауға алынған болатын.