ШЫМКЕНТ: ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы мемлекеттік қызметшілермен кездесті

0
662

Агенттік төрағасы тұрғындармен тілдесіп, оларды толғандырған сауалдарына жауап берді.


ШЫМКЕНТ: ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы мемлекеттік қызметшілермен кездесті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаев Шымкент қаласындағы мемлекеттік қызметшілермен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жиынды жүргізіп отырған қала әкімі Мұрат Әйтенов «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сәйкес, қалада «Адамдар әкімге» форматынан «әкім халыққа» қағидатына көшу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
«Шымкентте елімізде алғаш болып тұрғындармен кері байланыс орнататын «Фронт Офис» ашылып, басқармалар көрсететін мемлекеттік қызметтер автоматтандырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдың 1-тоқсанында қалада 72 кездесу өткізіліп, онда 374 маңызды мәселе көтерілді. Кездесулерде көтерілген мәселелердің 78 қанағаттандырылды, 249-ы жыл соңына дейін шешімін табады, ал 48 мәселені шешу ұзақ мерзімді қажет етеді. Бұдан бөлек, наурыз айында Менің қатысуыммен тұрғындарды бірыңғай қабылдау күні ұйымдастырылып, оған 125 азамат қатысты. Қабылдауда 164 мәселе көтеріліп, кездесу қорытындысы бойынша 44 мәселе қанағаттандырылды», - деді әкім.
Мәжілісте Агенттік төрағасы мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртуға қатысты Президент қойған бірқатар міндеттерге тоқталып, мемлекеттік қызмет көрсету бюрократиялық, формальді принциптерге емес, нақты нәтижеге бағдарлану керектігін айтты.
«Мемлекеттік қызметтерді көрсету уақтылы, сапалы әрі кедергісіз орындалу қажет. Мемлекеттік қызмет бюрократияға жол бермейтін, халықтың қажетіне бағдарланған сервистік сипатта ұйымдастырылған кезде қалыптасқан олқылықтар еңсеріліп, мемлекеттік аппараттың жұмысы жаңа деңгейге көтерілері анық. Жасалып жатқан реформалардың барлығы ел игілігіне бағытталып отыр. Мемлекеттік қызметті түбегейлі жаңғыртудың басты мақсаты – «халық үніне құлақ асатын» мемлекеттік аппарат қалыптастыру»,– деді Д.Жазықбаев.
Агенттік төрағасы жаңа редакциядағы Әдеп кодексінде көрсетілген ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік және клиентке бағдарлану қағидаларына баса назар аударуға шақырды.
Агенттік төрағасы Әдеп жөніндегі комиссиясына жекелеген саяси қызметшілер мен «А» корпусына жататын өңірлер (облыстар, республикалық маңызы бар қалалар) әкімдерінің орынбасарларының, аудан әкімдерінің және комитет төрағаларының, облыс пен республикалық маңызы бар қала әкімдері аппарат басшыларының жауапкершілігін қарауға өкілеттік беріліп отырғанын баяндады.
Кездесуден соң, Агенттік төрағасы тұрғындармен тілдесіп, оларды толғандырған сауалдарына жауап берді.
Іссапар Шымкент қаласы әкімдігі «Жобалық басқару кеңсесінің», «I-shymkent 109» ситуациялық, «TEN-Qogam» әлеуметтік қорғау, сондай-ақ Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысымен танысып және «Жастар ресурстық орталығының» жастарымен кездесуге жалғасады.