ШЫМКЕНТ: Наурыз тойы гала концертке ұласты

0
855

Мерекелік кеш «Хабар» арнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.


ШЫМКЕНТ: Наурыз тойы гала концертке ұласты

Шымкенттегі Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар бүгін Астана алаңында өткен «Шырқа, Наурыз» гала концертімен қорытындыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Халықтың сүйіктісіне айналған сахна саңлақтары - Жанболат мен Жазира, Мелдір Әуелбекова, Әлия Әбікен мен Қанат Үмбетов, Райм мен Ерке Есмахан бастаған эстрада жұлдыздары ән шырқап, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше көңіл күй сыйлады.
Наурыз шашуы ретінде ұсынылған концерттік бағдарламаны көруге келген жұртшылықтың қарасы қалың болды.
Көктем лебін жеткізген әуелеген әндер шеруін тұрғындар ашық аспан астында үш сағат бойы тікеден тік тұрып тамашалады.
Мерекелік кеш «Хабар» арнасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласында Наурыз тойы әдеттегідей жоғары дәрежеде аталып өтті. Атап айтатын болсақ, Наурыз мерекесі тойланып жатқан этноауылда 160 киіз үй тігіліп, 2 тонна көже пісіріліп, қонақтарға таратылды. Одан бөлек түрлі мәдени іс-шаралар өткізілді. Сондай-ақ, жаңадан ашылған ипподромда «Наурыз Шымкенттен басталады» атты мерекелік шара өтті.

Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік бағдарлама әр өңірдің салт-дәстүрін насихаттайтын Батыс пен Шығыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің керуенін күтіп алудан басталды. Бұл керуендердің құрамында әр өңірдің белгілі өнерпаздары мен спортшылары бар. Батыс керуенін елімізге білгілі әнші Тамара Асар, Шығыс керуенін дәстүрлі әнші Ардақ Балажанова, Солтүстік керуенін танымал эстрада әншісі Мадина Садуақасова, Оңтүстіктің керуенін жергілікті дәстүрлі әнші Наркенже Серікбаева бастап шықты.

Мұнан кейін ат құлағында ойнайтын спортшылар бәйге, қыз қуу мен теңге ілу секілді ұлттық спорт түрлерімізді көрерменге паш етіп, жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, Ұлыстың Ұлы күні Наурызға арналған "GREAT QAZAQ GAMES" іс-шарасында еліміздің барлық өңірлерінен және Түркия, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Сауд Арабиясы мен Иорданиядан келген спортшылар бақ сынады.