Шымкент: "Нұр Отан" «Бірыңғай әлеуметтік терезесін» ашты

0
1 837

"Нұр Отан" партиясының Шымкент қалалық филиалында "Бірыңғай әлеуметтік терезе" ашылды.


Шымкент:

"Нұр Отан" партиясының Шымкент қалалық филиалында "Бірыңғай әлеуметтік терезе" өз жұмысын бастады, -деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалында әлсіз топтағы әлеуметтің әлеуетін арттыруға бағытталған "Бірыңғай әлеуметтік терезе" ашылып, нәтижелі жұмыс жүргізуде. Онда тұрмысы төмен отбасылар мен көпбалалы аналар қажетті кеңестер алып, мемлекет және кәсіпкерлер тарапынан көрсетілетін көмекке ие болып отыр.

Әлеуметтік терезе партия филиалының арнайы бөлмесінде орналасқан. Мұнда бір терезе қағидасына сәйкес білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық басқармаларының жауапты қызметкерлері тұрғындарды қабылдап, бірнеше сұрақтарына қатар жауап береді.

Бүгінгі таңда бірыңғай әлеуметтік терезе арқылы 318 азамат қабылдауда болып, 464 мәселе бойынша мамандардың кеңесін алуда. Көтеріліп отырған мәселелердің 42 пайызы тұрғын үй, 30 пайызы жұмыспен қамту және әлеуметтік жәрдемақыларға байланысты болып отыр.

"Бізге келген азаматтардың басым бөлігі көп балалы, мүгедек балалары бар және жалғыз басты аналар. Жәрдемақы, атаулы көмек, балабақша кезегіне қою қызметтеріне қатысты мәселелерді «дәл осы жерде және қазір» қағидасы бойынша шешімін табуда. Ал тұрғын үй және жұмыспен қамту бойынша сұрақтарға мамандар толық мәлімет беріп отыр", - дейді «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов.

Бүгінде партия филиалында көпбалалы отбасыларды материалдық және қаржылай қолдау бойынша арнайы жұмысшы топ жасақталған. Қабылдауға келген азаматтар әлеуметтік карта толтырып, онда өзіне қажетті көмекті сұрауда. Жұмысшы топ әр өтінімді жеке қарап, қандай көмек көрсету бойынша шешім қабылдайды.