ШЫМКЕНТ: Оқушылар Әдет ғұрып және салт-дәстүр орталығына экскурсияға барды

0
644

Оқушылар экскурсия​ барысында Әдет ғұрып және салт-дәстүр орталығын аралап, мекеменің жұмысымен танысты.


ШЫМКЕНТ: Оқушылар Әдет ғұрып және салт-дәстүр орталығына экскурсияға барды
Шымкент қаласы Еңбекші ауданы жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары Әдет ғұрып және салт-дәстүр орталығына экскурсияға барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған іс-шараның мақсаты – болашақ жасөспірімдерге қаламыздағы белгілі орындар мен тарихи мекендерді кеңінен насихаттау, ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту және ұлттық руханиятты кеңінен насихаттау.

Оқушылар экскурсия барысында Әдет ғұрып және салт-дәстүр орталығын аралап, мекеменің жұмысымен танысты. Сонымен қоса, орталықтағы әрбір салт-дәстүрден сыр шертер заттардың шығу тарихымен таныс болды.

Айта кетейік, Қазақстан аумағы бойынша жалғыз орталық, яғни «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» орталығы Шымкент шаһарында орналасқан. Мұнда салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызға байланысты жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізіліп, баспа өнімдері шығарылып және де ғасырдан ғасырға жеткен ұлттық құндылықтарымыз кеңінен насихатталады. Сондай-ақ, Оңтүстікті мекендеген өзге ұлыс өкілдерінің де әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері жүйелі түрде зерделеніп, ортақ игілікке пайдалану жағы қарастырылған. Мұндағы негізгі ұстаным – Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын, «Ұлы даланың жеті қыры», «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру.

Сондай-ақ, Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы алаңына қошқар мүйізді текемет салынған. Оюлы текеметті сырлы түрлі-түсті бояумен безендірген. Алдағы уақытта орталыққа келген қала тұрғындары мен қонақтары текеметті тамашаласа, ал балақайларға түрлі ұлттық ойындарды, яғни орталық іс-шараларын осы текемет үстіне ұйымдастырылатын болады. Қошқар мүйіз өрнегінің мағынасы туған жер төсін толтырған отар – отар қой деген халықтың арман тілегін, молшылықты, бейбітшілікті білдіреді. Қошқар мүйіз – қошқардың мүйізі тәріздес ою.