ШЫМКЕНТ: "Сен салар да мен салар, ретсіз саудаға тыйымды кім салар"

0
2 136

Шымкенттегі Т.Әлімқұлов көшесінің бойында жабайы сауда қызып, көлік қозғалысына кедергі келтіріп жатыр.


ШЫМКЕНТ:

Шымкент қаласындағы Тәкен Әлімқұлов көшесінің бойындағы көтерме базар маңындағы автотұрақта бүгінде ретсіз сауда қызып, жол қозғалысын қиындатып тастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Ел арасында «Акбар» деп аталатын көтерме базар маңынан өтетін Т.Әлімқұлов көшесімен таңғы сағат 8 бен 10 аралығында көлікпен өту мүмкін болмай барады. Өйткені, осы уақытта сауда орны жанындағы автотұрақта қозықұйрық сатушылардың саудасы қызып, тұтынушылардан аяқ алып жүру мүмкін болмай қалады. Бұл бүгін не кеше пайда болған мәселе емес. Талайдан осындағы тұрғындарды әбігерге салған жабайы сауда жасаушыларға барып жағдай сұрауға тура келді.

«Біз күнімізді зорға көріп жүрген адамдармыз. Мен базарға барсам орын да бермейді. Оған ақша қайда? Қымбат қой. Миллион сұрайды. Амал жоқ, қайтеміз? Заңды жағын айтсақ, біздікі дұрыс емес. Оны мойындаймыз», - дейді заңсыз сауда жасап отырған төлебилік Ералхан есімді азамат.

Байқасақ, мұндағы заңсыз сауда жасаушылардың айтар уәжі бір. Сондықтан маңайдағы базар әкімшілігіне бас сұқтық. Сауда орны әкімшілігіндегілер бос орындардың бар екенін және ол орындарды 2 апта тұрмақ, 2 күнге жалға алуға болатындығын айтады.

"Бүгінде «Қырғы базар» АҚ-да тегін берілетін әлеуметтік орындар бар. Көшедегі саудагерлерді сонда орналастыру үшін ол орындарды тазалап, арнайы дүңгіршектер қойдық. Бізде 1 орынның 1 айға жалға берілер құны 16 мың теңге. Егер 2 аптаға алар болса, 8 мың теңге төлейді. Біз қазір сегіз саңырауқұлақ саудалаушыға орын тауып бере аламыз», - деді «Қырғы базар» АҚ-ның операциялық директоры Афина Коскиниди.

Әл-Фараби ауданы әкімдігіндегілердің айтуынша, базар маңындағы автотұрақ «Шымкент» ӘКК тиесілі екен. Аталмыш мекеме бұл жерде қала әкімінің тапсырмасы бойынша ақылы «паркинг» жасауға алған. Біз ол мекемеге де хабарластық.

«Біз бұл мәселе бойынша Әл-Фараби ауданы әкімдігімен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Онда біздің мамандар планшетпен жүріп байланыс құрылғыларын тестілеуден өткізіп жатыр. Біз онда 1 жарым айдан бері сынақ жүргізіп отырмыз. Автотұрақ біздің қарамағымызға өткенімен халыққа тегін қызмет көрсетуде. Сол себепті, заңсыз сауда қызып тұр. Алдағы уақытта ол жер ақылы түрде халыққа қызмет көрсетер болса, ретсіз сауда жасаушылар ол жерден кетеді», - дейді «Шымкент паркинг» ЖШС-нің директоры Мұрат Абдилманов.

Десе де жауапты мекеме басшысы автотұрақ қашан өз жұмысын бастайтынын нақты айта алмады.

Естеріңізде болса, аталған көшедегі көпшілікке қолайсыздық тудыратын заңсыз саңырауқұлақ саудасының реттелмей отырғандығы турады өткен жылы да жазған болатынбыз. Онда Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімшлігінен бас маман "түсіндірме жұмыстары жүргізілетінін" және "қадағалауға маман жетіспейтінін" айтқан болатын.

Айта кету қажет, әзірге бұл заңсыздықпен күресу қала полициясының да қолынан келер емес.