ШЫМКЕНТ: Шөбі өсіп, ағаштары қураған шатқалдардың жағдайы шатқаяқтап тұр

0
2 672

Шымкент қаласында "Шатқал" бағдарламасы аясында отырғызылған ағаш көшеттері қурап, қараусыз қалған.


ШЫМКЕНТ: Шөбі өсіп, ағаштары қураған шатқалдардың жағдайы шатқаяқтап тұр

Шымкент қаласында "Шатқал" бағдарламасы аясында отырғызылған ағаш көшеттердің бүгінгі жай- күйі мәз емес, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қаланы көгалдандыру жоспарына сәйкес қала аумағында «Шатқал» бағдарламасы қолға алынғаны естеріңізде болар? Шаһардағы экологиялық ахуалды және ішкі туризмді жақсарту мақсатында «Самал», «Шымсая», «Юнус Эмре» шатқалдарына көшеттер отырғызылған болатын. Тіпті, көлемі 25 гектарды құрайтын «Юнус Эмре» шатқалына 25 тонналық бөшке қойылып, оған 500 метр суару құбыры тартылған еді.


Мұнда 4 мың түп ағаш көшеттері отырғызылып, балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, қашықтығы 1 шақырым болатын веложол төселетіні туралы ақпарат тараған еді. Сондай-ақ онда 1 амфитеатр, 8 субұрқақ, 3 кафе мен жазғы демалыс орындары, спорттық жаттығу алаңдары бой көтеру жоспарланғаны айтылған да болатын.



Мұнда 2017 жылдың наурыз айында ағаш көшеттері отырғызылып, «Юнус Эмре» шатқалы деген тақтайша орнатылған. Алайда (төменгі суретте) қараусыз қалған бұл жердің әрі қашқан бүгінде.




Ал, егілген ағашатардан 5,6-ақ көшет қалған. Олардың өзі қурап барады.



Орнатылған 25 тонналық бөшкелері бос, ал жүргізілген суару құбырынан су жүрмегелі біраз болғаны байқалып тұр.




Мынау болса, «Нұртас» шағынауданында орналасқан «Шымсая» шатқалының қағаз жүзіндегі көрінісі. Яғни, жоспар бойынша осылай болуы тиіс еді. Мұндағы 13 гектар жерге балалар алаңшасы, шахмат және дойбы алаңы, веложолдар мен ашық сахна, полиция бөлімшесі, спорттық жаттығу алаңдары салынып халық игілігіне берілетіні жөнінде БАҚ беттерінде жарияланған.



Бірақ, бүгінгі жағдай мүлде басқаша. Тамшылатып суғару жүйесі тартылғанымен шөбі өсіп қараусыз қалғаны көрініп тұр.



"Шымсая" шатқалындағы 2 жыл бұрын отырғызылған көшеттердің дені қурап, тек отынға жарамды болып қалыпты.



Десе де, суғару жүйесінің арқасы ма, әйтеуір біршама ағаш әлі күнге көгеріп тұр екен.



Ал, мына төмендегі сурет «Самал» шатқалы. Бұл жерге күтім жасалғаны көрініп тұр. Көшеттері өсіп, жасыл желекке айналыпты.



"Шатқал" бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын білу мақсатында тиісті мекемеге хабарластық. Сөйтсек, қаладағы шатқалдарды басқармалар өзара бөліп алыпты.

"Қазіргі таңда бізде бес шатқал орналасқан. Оның ішінде "Шымсая" шатқалы бар оны табиғатты қорғау басқармасы "Жасыл белдеу" мекемесіне қарайды. Қалған екі шатқал бойынша онда абаттандыру жұмыстарын жүргізу үшін жобалық сметалар әзірленген. Бір шатқал жобасын біз жасадық, ЖКХ жасады, екіншісін құрылыс басқармасы жасады. Күтіп-баптауына әзірге қаржы бөлінген жоқ, Жобаны әзірледік қаражатты сұрадық, әзірге бермеді. Келесі нақтылау сессиясында сұраймыз. Ешнәрсе егіп жатқан жоқпыз, тек қана суару және шөпті ору жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Юнус Эмре» шатқалына қазір құрылыс басқармасы ол жерге парк соққалы жатыр", - деді Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бектұрсынов.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы "Самал" шатқалында сол кездегі ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен «Шымкент – менің бақша қалам!» атты фестиваль өткен болатын. Онда сол кездегі өңір басшысы мұның барлығы да Шымкенттің нағыз Шымқалаға айналдыратын шара екендігін атап өтіп, бір күнде 80 мың түп ағаш көшеті отырғызылған еді.