ШЫМКЕНТ: Тұрғындар тарапынан "Роща" ауруханасы жұмысына айтылатын сын көп (видео)

0
1 787

Шымкент қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдардың басшылары, ақ халаттылармен кездесті.


ШЫМКЕНТ: Тұрғындар тарапынан

Шымкент қаласындағы жемқорлықпен күрес жүргізетін орган басшылығы дәрігерлермен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мамандардың айтуынша, Шымкентте полиция, педагог, медицина саласының қызметкерлеріне халық тарапынан көп шағым түседі екен. Осыған орай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті медицина саласының қызметін зерделейтін арнайы топ құрған. Ол топқа, түрлі сала өкілдері және қоғам, әлеуметтік желі белсенділері мүше.

"Қаладағы ең үлкен "Роща" ауруханасына адам көп келеді. Осы аурухана жұмысына әлеуметтік желіде көп сын-ескертпелер айтылды. Мәселен, тегін көрсетілетін қызмет түрлерін ақылы түрде көрсеткен.Сол секілді азаматтарды емдеу кезінде әртүрлі кемшіліктерге жол береді. Науқастарды қабылдап, ем көрсету кезінде сапасы нашар деген сияқты сындар айтылды",- дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының орынбасары Айбек Шілманов.

Сондай-ақ, Айбек Ақбергенұлы шаһардағы медицина мекемелерінің басшыларын ашық болуға шақырды. Нақтырақ айтқанда, жұмыс кабинеттерін жоғарғы қабаттардан бірінші қабатқа шағындау бөлмеге түсіріп, халықпен етене жақын болуы керектігін айтты. Мұнан бөлек, Агенттік төрағасы медицина мекемелеріндегі басшының орынбасары 2-3-тен аспауы тиіс. Яғни, оптимизация жасау керек. Бұл бюджет қаржысын оңтайландыруға әкеледі екен. Және де басшылардағы мәдениеттілікті қалыптастырып, қарапайым болуға итермелейді екен.

Сонымен қатар, кездесуде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Шымкент қаласы филиалы басшысының орынбасары Камал Қожахметұлы денсаулық сақтау саласында тіркелген қылмыстық істерге тоқталып өтті. Камал Қабылбеков Шымкенттегі №4 аурухана бас дәрігерінің міндетін атқарушы Мүсірәлмиевтың бір азаматты жұмысқа орналастырмақ болып, 300 мың теңге ақша алғанын айтып берді.


Жиын соңына қарай, дәрігерлерге пара ұсталып темірторға тоғытылғандар жайлы ролик көрсетілді. Онда жазасын өтеушілер кезінде басшылық қызметте жүріп жемқорлыққа барып, үлкен қателік жасағандары жайлы баяндайды.