ШЫМКЕНТ: Тұтынушылардың құқығын қорғайтын жаңа жүйе іске қосылды

0
2 542

Аталған жүйе QR-код түрінде нысанға орналастырылады.


ШЫМКЕНТ: Тұтынушылардың құқығын қорғайтын жаңа жүйе іске қосылды

Шымкентте тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында «e-tutynushy.kz» бірыңғай жүйесі мен арнайы мобильді қосымша іске қосылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Әлібек Тілегеновтің қатысуымен тұтынушылардың негізгі құқықтары мен сатушылардың міндеттері бойынша брифинг өтті.
Баспасөз мәжілісінде Әлібек Балықбайұлы саладағы оң өзгерістерді баяндады.
Департамент 2021 жылдан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі заң аясында толық жұмыс істеуге көшті. Атап айтқанда, тұтынушылардың құқығын қорғау мақсатында «e-tutynushy.kz» бірыңғай жүйесі мен арнайы мобильді қосымша іске қосылды. Біртұтас жүйе QR-код түрінде нысанға орналастырылады. Егер сіз құқығым бұзылды деп санасаңыз, кодты сканерлеп, телефондағы арнайы қосымша арқылы жүйеге шағым жібересіз. Ал «ақылды жүйе» бұл шағымның қай мемлекеттік органға бағытталғанын автоматты түрде анықтайды, – деді департамент басшысы.
Сала басшысының сөзінше, сауда қызметін және қызметтер көрсетуді жүзеге асыратын жеке кәсіпкер мен ұйымның есептен жеуі, тұтынушыларды тауардың тұтыну қасиеттеріне және сапасына қатысты жаңылыстыруы сияқты алдау фактілері анықталған жағдайда жеке тұлғаларға 10, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 20, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 30, ал ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын саудалағанда үстемесінің мөлшерін арттырғандар да ескерту алады. Егер бір жыл ішінде бұл әрекетті қайталаса, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 75, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Брифинг барысында Әлібек Балықбайұлы елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі енгізілген жаңа Заң тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесін бүге-шүгесіне дейін қарастырып, жаңа бастамаларға жетелеп отырғанын тілге тиек етті.
Айта кетейік, егер сауда орындарында құқықтарыңыз бұзылса, аталған департаменттің мамандарына да жүгіне аласыз. Ол үшін a.kozhamuratova@mti.gov.kz электронды мекенжайға хат жолдауға немесе 8 707 936 41 84 сымтетігіне қоңырау шалуыңызға болады.