Шымкенттік ұстаздар құрметке бөленді

0
2 226

Бүгін қала әкімі Ерлан Айтаханов ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтады.


Шымкенттік ұстаздар құрметке бөленді

Шымкент қаласы "Түркістан" сарайында ұстаздардың төл мерекесіне арналған «Ұлылықтың басында ұстаз тұрар» атты салтанатты мерекелік кеш ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мерекелік іс-шараға қаламыздағы білім беру ұйымдарынан 1300-ден астам мұғалімдер қатысты. Баршамыздың сауатымызды ашып білім нәрімен сусындатып өмірге қанат қақтырған – ұлағатты ұстаздар мерекесіне келген Шымкент қаласының әкімі Ерлан Қуанышұлы Айтаханов өз құттықтау сөзін жеткізді.

"Біздің мектептердің оқушылары халықаралық, республикалық дәрежедегі жарыстарда жүлделі орындар алуда. Атап айтсақ, кала мектептерінің 292 оқушы халықаралық, 96 оқушы республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауында жүлдегерлер қатарынан көрінген. Осындай еліміздің атын әлемге танытып жатқан шәкірттеріңіз көп болсын, бұл сіздердің еңбектеріңіз",- деді қала басшысы.

Сөз соңы білім саласында еңбегі ерлеген ұстаздар қауымын марапаттау рәсіміне көшті.

Салтанатты кеште қала әкімі бір қатар ұстаздарға "Ы.Алтынсарин" төсбелгісін тақса, құрметке лайықты деп танылған ұстаздарға "Құрмет" төсбелгісін кеуделеріне тақты.

Ал, Н.Байғұтов, Б.Көмекбаева, Қ.Апатанов, Т.Демеуова , Г.Атемова, С.Бахтығалиева, Н. Жүзбаева сынды ардақты ардагер ұстаздарымызға үшінші мегаполис әкімі Е.Айтахановтың «Алғыс хаты» мен арнай сыйлықтары тарту етілді.

"Менің ұстаздық саласында еңбек етіп келе жатқаныма 38 жыл болды. Білім берген шәкірттеріміз биіктерден көрініп жатыр. Оларды мақтанышым десем болады. Қазіргі кезде жан-жақты болу керек деп ойлаймын. Шәкіртке білім ғана бермей, сол білімді беретін өзің де күнделікті шығармашылық жағынан дамыту керек. Қазіргі талабқа сай еңбек етіп келе жатқан ұстаздардың жемісі өте нәтижелі деп ойлаймын. Ал, біздің білім беріп отырған шәкірттеріміз білімді де білікті, иманды да ибалы болсын. Ұстаздық еткен ұстаздарға шығармашылық табыс тілеймін. Елдің ішінде ұстаздарымыз тек қана биіктерден көрінетін шәкірттерді тәрбиелеуде еңбектері жемісті болғай", - деді №74 негізі орта мектебінің директоры Исакова Нүрипа.

Сонымен қатар, Шымкент қаласының «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен қалалық мәслихат депутаттары да ұстаздарды төл мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттармен марапатталды. Мерекелік іс-шара «Ұстазым» әнімен концерттік бағдарламаға ұласатын болады.