Шымкентке 134,2 млрд теңге инвестиция тартылды

0
386

Жыл соңына дейін 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда.


Шымкентке 134,2 млрд теңге инвестиция тартылды

Шымкент қаласына биылғы жылдың 4 айында 134,2 миллиард теңге инвестиция тартылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Бүгінде климаты жағымды, географиялық орналасуы оңтайлы, еңбекқор халқы бар Шымкент инвесторлар үшін өте қолайлы қалаға айналып отыр. Инвестақуалды жақсарту мақсатында атқарылып жатқан кешенді шаралар да шетелдік бизнес өкілдерінің республикадағы үшінші қалаға қызығушылығын арттыруда.

«Инвестиция салуға ең қолайлы қала» жүлдесі Шымкентке жайдан-жай беріле салған жоқ. Қаламызда экономиканың басым секторларына инвестициялар тарту үшін бар мүмкіндіктер қарастырылып, жағдай жасалып отыр. Соңғы жылдары бизнесті жүргізу шығындарын азайту, әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, салық және тарифтік саясаттың сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешені іске асырылды. Қазіргі таңда қалада жалпы ауданы 886 гектар болатын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді.

Осы бағытта қолға алынған қыруар жұмыстардың нәтижесінде биылғы жылдың 4 айында қала экономикасына 134,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 20,1%-ға артып отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 721,7 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарлануда. Осылайша биылғы көрсеткішті алдыңғы жылмен салыстырғанда 32%-ға арттыру көзделуде.
Мегаполис экономикасына өткен жылы 148,7 миллион АҚШ долларына тікелей шетелдік инвестициялар тартылған болатын. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібіне тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі - 161,3 млн теңгені құрайды.
Жалпы, 2023-2027 жылдар аралығында қаламызда жүзеге асырылатын құны 1,7 триллион теңге құрайтын 227 инвестициялық жобалардың пулы жасалған.
Оның ішінде, шетелдік инвесторлардың қатысуымен 2670 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаның іске асырылуы жоспарлануда.
Олардың ішінде тұрғын үйлер салу, құрылыс материалдарын өндіру, синтетикалық иірілген жіп және мата өндірісіне қатысты ауқымды жобаларды айрықша атап өтуге болады.
Айта кетейік, инвестиция тарту мәселесі тікелей қала әкімі Мұрат Әйтеновтің бақылауында. Жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін бүгінде барлық бағытта кешенді шаралар жүргізілуде.