Шымкентте 1 жылда 7 мыңға жуық жас отбасы құрылған

0
1 994

Жастардың басым бөлігі отбасын құруға электронды түрде өтініш білдірген.


Шымкентте 1 жылда 7 мыңға жуық жас отбасы құрылған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкентте өткен жылы 7 мыңға жуық жұп отбасын құрған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласында жыл санап отбасын құрған жұптар саны артып келеді. Мәселен, өткен жылы шаһарда 6825 жұп заңды некеге тұрса, 2017 жылы 6641 жұп шаңырақ көтерген. Бұл туралы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының АХАТ бөлімінің мамандары мәлім етті.

Олардың айтуынша, 2018 жылы отбасын құруға азаматтардың 5546-сы электронды түрде өтініш берген. «Бұл өз кезегінде жұмыстың тиімділігі мен уақыт үнемділігін арттырып отыр», - дейді мамандар.

Сондай-ақ, АХАТ бөлімдері отбасы мәртебесін арттыруға және отбасылық құндылықтарды нассихаттауға бағытталған жұмыстарды тұрақты жүргізіп, тоқсан сайын жастарға және некеге отыратын азаматтарға арналған дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізеді.

Айта кетейік, Неке және отбасы туралы ҚР заңына сәйкес, ер және әйел адамдар 18 жастан бастап некеге тұра алады. Сонымен қатар, белгілі себептерге байланысты ғана жергілікті АХАТ органдары неке жасын 2 жасқа төмендете алады екен.

дереккөз: Шымкент қаласы әкімдігінің ресми парақшасы