Шымкентте 100-ден астам этнос өкілдері бар және 16 этномәдени бірлестік табысты жұмыс істеп жатыр

0
1 290

Шымкент қаласының әкімі Е.Айтаханов Ассамблея мүшелерімен кездесті.


Шымкентте 100-ден астам этнос өкілдері бар және 16 этномәдени бірлестік табысты жұмыс істеп жатыр

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен кездесіп, этномәдени бірлестіктердің жұмысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған кездесу барысында қала әкімі Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді, тұрақтылықты сақтау, қоғамның бірлігін нығайту бағытындағы тапсырмаларды орындаудың маңыздылығын атап өтті.

«Еліміз үшін тұрақтылықтың маңызы зор. Тұрақтылық болған жерде береке орнап, алға қойған мақсатарымызға жете аламыз. Күні кеше Мемлекет басшысының Жолдауында Қоғамдық келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі екендігі айтылды. Сондай-ақ, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде қалыптасыру үшін нақты міндеттер қойылып отыр. Алдымызда Елбасы мен Президенттің тапсырмаларын нәтижелі іске асыру міндеті тұр», – деді қала әкімі Қуаныш Айтаханов.

Сондай-ақ, жиын барысында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратовтың баяндамасы және ассамблея мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалды.

Сонымен қатар, іс-шараны қорытындылаған қала әкімі Ерлан Айтаханов тұрғындармен ашық диалог орнату арқылы мемлекеттік маңызды бастамаларды түсіндіру, келер жылы қаламыздың ТМД елдерінің астанасы атануына орай жұмысты ширату, жастар тәрбиесі, еріктілер жылына орай этнос жастарымен жұмысты жандандыру және медиация желісі аясында «Татуласу алаңдарын» құру жөнінде ассамблея хатшылығы мен бірқатар басқармаларға нақты тапсырмалар берді.

Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам этнос өкілдері бар және 16 этномәдени бірлестік елдің ынтымағын арттыру бағытында табысты жұмыс істеп келеді. Өз кезегінде, қалалық ассамблея Шымкенттің экономикасын көтеру, инвестиция тарту сынды істерге этномәдени бірлестіктерді жұмылдырып, мемлекеттік саясаттың міндеттерін сапалы орындауға басымдық беріліп отыр.