Шымкентте 1200 тұрғын үй жылусыз қалуы мүмкін

0
1 113

Жылумен қамту желілерінен 167 ақау анықталып, бүгінгі күнге дейін оның 49-ы қалпына келтіріліпті.


Шымкентте 1200 тұрғын үй жылусыз қалуы мүмкін

ERNUR.KZ. Шымкентте жылыту маусымына дайындық жұмыстары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ 24.kz арнасына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта 372 көп қабатты тұрғын үй алдағы маусымға дайын. Бұл шаһардағы үйлердің 18 пайызын ғана құрайды. Ал қалада 1 мың 848 үй бар болса, соның 1 мың 200-ін қысқа дайындау мүмкін болмай отырғанын айтады қалаға жылу таратушы мекемесі. Себебі бұл баспаналардың иелері құбырларды жаңарту бойынша ешқандай қызмет көрсету орталықтарымен келісімге келмеген.

Айта кетейік, Шымкентте қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Негізгі және ішкі орамдық жылу жүйелерін сығымдау жұмыстары аяқталып қойған. Жылумен қамту желілерінен 167 ақау анықталып, бүгінгі күнге дейін оның 49-ы қалпына келтіріліпті. Коммуналдық шаруашылық саласы мамандарының сөзіне сенсек, биыл жұмыстар жоспарлы уақытта аяқталып, тұрғындар қыста жылу тапшылығын сезінбейтін көрінеді.

«Жылуға дайындық қыркүйектің 15-20 аралығында бітуі керек. Ауа райына байланысты жылу маусымы әкімнің өкімімен беріле береді», - дейді «Қуат жылу орталық-3» КММ бөлім басшысы Асқар Бөлешев.

Сонымен қатар, жылуға дайындық жұмыстары тек көпқабатты үйлерде ғана емес, бюджеттік ұйым мекемелерінде де жүргізілуде. Мәселен, шаһардағы 364 нысанның 146-сы, яғни, 40% жылумен қамтамасыз етілген. Ал кәріз, жылу жүйелері тозған 1200 тұрғын үйдің мәселесі өзекті күйінде қалып отыр.

Осы мәселеге байланысты: «Көпқабатты тұрғын үйлерге қызмет көрсететін мекемелер тек қана 800 үйді қамтамасыз етіп жатыр. Атап айтқанда, 1200 үй қараусыз қалып жатыр. Айта кететін мәселе, сол үйлерді әкімдік тарапынан ықпал беріп, жылыту маусымына іргелі жүргізсе, жұмыстар жасалар еді», - дейді Асқар Бөлешев.