Шымкентте 170 мың теңге жалақы алатын автобус жүргізушісі жұмысынан айырылатын болды

0
1 856

Шымкентке келген жаңа 300 автобустың алғашқы жүргізушісі жол жүру ережесін бұзып үлгерген.


Шымкентте 170 мың теңге жалақы алатын автобус жүргізушісі жұмысынан айырылатын болды

Шымкентте қоғамдық көлік жылдамдығын асырған жүргізуші жұмыстан кететін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкентте 19 маусым қала күні қарсаңында жаңа автопарк ашылып, 300 автобус ел игілігіне берілген еді. Сол күні қалаға аумағына 138 бен 158-ші бағытындағы маршруттар жолға жіберілді. Енді ғана қызметіне кіріскен 158 бағытындағы автубус жүргізушісі бүгінде жол ережесін бұзғаны үшін жұмысынан айырылатын болды.

Бұл туралы "Shymkent" ӘКК АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов өзінің Facebook парақшасында мәлім етті.

Оның сөзінше, "Shymkent bus" жүргізушілерінің бірі Р. Елемесов Т.Рысқұлов көшесі бойында орналасқан "Гипер Хаус" СҮ мен "Север" шағынауданы аралығында жылдамдықты айтарлықтай асырғаны туралы ақпарат келіп түскен екен. Төраға мұндай әрекеттерге жол берілмейтіндігін, сондай-ақ жолаушылардың қауіпсіздігі бірінші орында екендігін жеткізді.


"Ол жүргізуші түсініктеме жазды және жұмыстан шығарылатын болады. Мен жүргізушілер мен контролерларға қатысты жол қозғалысы ережесін және этиканы сақтауды бақылау қатаң болады деп айтқанмын, тағы да қайталаймын. Қазір бақылауды біз жалдаған мамандар жүргізеді", - деді "Shymkent" ӘКК АҚ басқарма төрағасы Рашид Аюпов.

Сонымен қатар, Рашид Аюпов Шымкент қаласының тұрғындарын жүргізушілер мен кондукторлардың жұмысындағы заң бұзушылықтарға тап болған жағдайда, тікелей өзіне немесе @shymkent_bus парақшасына жазуға болатынын да мәлімдеді.

Бұған дейін Рашид Аюпов қала көшелерінде қоғамдық көліктер арасында апатты жағдайлар туындататын жарыстардың алдын алу мақсатында жүргізушілер жалақы жүйесімен жұмыс істейтінін және жүргізушілердің жалақысы 170 мың теңге деп белгіленіп отырғанын айтқан еді.