Шымкентте 2025 жылға дейін жүзден астам мектеп салынады

0
535

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында мәлімдеді.


Шымкентте 2025 жылға дейін жүзден астам мектеп салынады

Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 86 079 орынға арналған 101 мектеп бой көтермек, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифинг барысында мәлімдеді.
Шымкентте білім сапасын арттырып, апаттық мектептерді жою және 3 ауысымдық мектептерді азайтуға бағытталған кешенді жұмыстың бұгінде 50 пайызға жуығы орындалып үлгерген.
2021 жылы 11 764 орынға арналған 25 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, өткен оқу жылында апатты мектеп мәселесі толығымен шешіліп, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға төмендеген болатын. Ал, биыл 34 мектептің құрылыс жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 11 703 орындық 24 мектептің құрылысы 2022 жылы басталса, 10 нысанның құрылысы 2021 жылдан өтпелі. Жаңа білім ордаларының есебінен үш ауысымды мектептер санын 9-дан 5-ке төмендету көзделіп отыр, - деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Брифингте, сондай-ақ, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесі 2023 жылы, ал орын тапшылығын 2025 жылға дейін толығымен шешілетіні айтылды.
Биылдан бастап 103 мың бастауыш сынып оқушысы бір реттік ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, Шымкентте 500 орындық заманауи Оқушылар сарайының құрылысы жүріп жатыр, - деді М.Әйтенов.
Айта кетейік, Шымкентте Балалар жылына орай атқарылатын жұмыстар мен іс-шаралар кешені түзіліп, 84 бағыт бойынша жүргізілмек. Оған бюджеттен 44, 6 млрд теңге қаралған.
2021-2022 оқу жылында қаламыздағы 203 мектепте 242 525 оқушы білім алса, оның ішінде 11 сыныпта - 11 189 оқушы, 9 сыныпта – 19 251 оқушы. Сонымен қатар, Шымкент қаласының білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері мен дабыл батырмалары толығымен орнатылып, Шымкент қаласы Полиция Департаментінің Жедел басқару орталығына интеграцияланған. Бұл жердегі Полиция Департаментінің жауапты инспекторлары мектептердегі қауіпсіздікті тікелей бақылап отырады. Одан бөлек, мектептердің кіреберістеріне адам келбетін танитын турникеттер орнатылған және арнайы мамандандырылған күзет қызметтерімен 100% келісім шарт түзілген.