Шымкентте 3 ауруханаға компьютерлік томография аппараты орнатылды

0
733

Медициналық ұйымдарда 612 өкпені жасанды желдету аппараты дайын.


Шымкентте 3 ауруханаға компьютерлік томография аппараты орнатылды
Шымкентте үш ауруханаға компьютерлік томография аппараты орнатылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов баяндады.

– Қалада коронавирус инфекциясы мен пневмонияны анықтау мақсатында Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы, №2 және №3 қалалық ауруханаларға заманауи үлгідегі компьютерлік томография аппараты орнатылды. Олар бір апта көлемінде толық іске қосылады. Яғни, бүгінде ақ халаттылар арнайы оқудан өтуде. Аталған аппараттар ықтималды коронавирустық инфекциясы кезінде көп көмегін тигізеді. Бұл құрылғылар covid-19 вирусын анықтауға ғана арналмаған, ауруханаға түскен науқастарды жан-жақты тексеруге пайдасы мол, – деді Б.Позилов.

Бақытжан Жолдасбекұлының сөзіне сүйенсек, медициналық ұйымдарда 612 өкпені жасанды желдету аппараты дайын. Олардың әрбірі реанимациялық төсек-орын басында орналасқан. Одан бөлек, реанимациялық төсектерді жабдықтау мақсатында 314 функционалды кереует, 381 дозатор, 266 реанимациялық монитор және 381 медициналық сорғыш қондырғы орнатылған. Ал стационарлық көмек көрсететін медициналық ұйымдарда дәрі-дәрмек жəне бұйымдармен қамтамасыз ету мəселесі шешілген.

Айта кетейік, биыл қала тұрғындары маусымдық тұмауға қарсы екпені белсенді түрде салдыруда. Бұл көрсеткіш 99,7 пайызды құрап отыр.