Шымкентте алаяқтықпен айыпталған клиникаға қатысты қылмыстық іс сотқа өтті

0
1 050

Клиникада жұмыс істеген дәрігерлер мен медбикелерді, клиенттерді сан соқтырып, мекеме басшылығы өткен жылдың көктемінде клиниканы жауып, ізін суытқан.


Шымкентте алаяқтықпен айыпталған клиникаға қатысты қылмыстық іс сотқа өтті

Шымкентте жекеменшік клиникаға қатысты қылмыстық іс сотта қарала бастады. Клиникаға медициналық және косметологиялық қызмет көрсетеміз деп талайды алдап соққан деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды Ernur.kz тілшісі.

Заң алдында жауапкершілікке тартылып жатқан клиника екі жыл бойында шымкенттіктерге қызмет көрсетіп келген. Бұл уақыт аралығында ешқандай шағым түспеген көрінеді. Клиникадан шымкенттіктердің ұялы телефонына хабарласып медициналық тексеруден өтуге шақыртылып отырған. Әсемдікке жаны әуес әйел қауымының көпшілігі бұл ұсынысты қуана қабыл алған. Тегін медициналық тексеруден өткендерге "проблемалы" түстарын емдеп, әдемілену үшін жеделдетілген бағамен 40 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ем курсын өтуге кеңестер берілген. Төлемді клиникадан шықпай ақ банктен несие рәсімдеуге де мүмкіндік болған. Дегенмен уақыт өте келе кейбір пациенттердің уәделі саулық пен сұлулыққа қол жеткізбек түгілі денсаулығы нашарлай бастаған. Ол аздай, клиникада жұмыс істеген нағыз дәрігерлер мен медбикелерді, клиенттерді сан соқтырып мекеме басшылығы өткен жылдың көктемінде клиниканы жауып, ізін суытқан. Бірқатар қызметкерлері бірнеше айдың жалақысын алмаған боп шыққан. Жүзге жуық адам клиниканың арқасында банкке берешек боп қалған. Шағымданушылар прокуратураға арызданған. Тәртіп сақшылары 4 күдіктіні қолға түсірген. Біреуі Ресей федерациясының азаматы, үшеуі клиниканың әкімшілік бухгалтерлік құрамында жұмыс істеген шымкенттік тұрғын. Оларға ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-ші бөлігі 2-ші тармағымен айып тағылған. Қазір қылмыстық іске қатысты тергеу материалдары Шымкент қаласы Әл-фараби аудандық сотының қарауына тапсырылған.