Шымкентте аудан әкімдіктерінің қызметкерлері түрмеге барды

0
1 284

Тергеу изоляторын Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Еңбекші аудандарының 90 қызметкері аралап, қылмыс жасаған адамның баратын жерін көздерімен көріп қайтты.


Шымкентте аудан әкімдіктерінің қызметкерлері түрмеге барды

Шымкентте аудан әкімдіктерінің қызметкерлері түрме өмірімен таныстырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл тұрғыда лауазымды тұлғаларды сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасаудың салдарымен таныстыру сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудағы пәрменді тетіктер болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен қалалық Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бірлесіп тергеу изоляторына бірқатар мемлекеттік қызметшілердің баруын ұйымдастырды.

Бұл жолы түзеу мекемесіне күнделікті халықпен жұмыс жасайтын аудандық әкімдіктердің қызметкерлері барды.

Тергеу изоляторын Абай, Әл-Фараби, Қаратау, Еңбекші аудандарының 90 қызметкері аралап, қылмыс жасаған адамның баратын жерін көздерімен көріп қайтты.

Мекеме басшылығы қамаудағыларды ұстау шарттарымен, жататын орын мен медициналық бөлме, асхана, серуендеу алаңдарымен таныстырды.

Ұйымдастырушылар кез-келген қызметкер жемқорлықты өзінің ертеңгі ұрпағының бақытты болашағын ұрлау, Отанына жасаған опасыздық ретінде түсініп, парасаттылық қағидаларын ұстанса, Қазақстан жемқорлықсыз мемлекетке айналатындығына сенім білдірді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі өкілдері мемлекеттік қызметшілер ондағы жағдайды өз көздерімен көріп, әділетсіздік салдары туралы ойланады деп үміттенеді.

Сонымен қатар, олар апта сайын Шымкент қаласындағы барлық мемлекеттік органдардың қызметшілерін түзеу мекемелерінің жұмысымен таныстыруды жоспарлауда.