Шымкентте балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілмек

0
2 702

«Текесу» және «Ақжар» су қоймаларында балық шаруашылығын дамыту жобасы іске асырылмақ.


Шымкентте балық шаруашылығын дамытуға басымдық берілмек

Шымкентке шет аймақтардан күніне орта есеппен 3 тоннаға дейін балық жеткізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өнімдер шаһардағы балық сататын 20 дүкен мен бөлшек сауда орындарында сатылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін айтқан еді. Бұл ретте, Шымкентте аталған саланы қарқынды дамыту қолға алынды. Осы бағытта қала аумағында 2019 жылдан бастап жылына 200 тоннаға жуық «африкалық сом» балығын өндіретін «Алина» шаруа қожалығы жұмыс істеуде. Онда өндірілетін балық өнімдері қаладағы мейрамханаларға және балық сататын дүкендерге үздіксіз жеткізілуде. Шаруа қожалығының иесі Данияр Рахымжанов бұл межемен тоқтап қалмай, қала аумағындағы су тоғандарды пайдалана отырып, нарықта алтынмен тең бағаланатын «бекіре» тұқымдас балық түрін асырауды жоспарлауда. Бұған қоса, балықтарға арналған құрама жем өндіру цехын құруды да көздеп отыр.

Сонымен қатар, үшінші мегополисте мемлекеттік жеке әріптестік аясында «Текесу» және «Ақжар» су қоймаларында балық шаруашылығын дамыту жобасы іске асырылмақ. Жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайтын бұл жоба іске қосылғанда жаңадан 200-ге жуық жұмыс орны ашылып, онымен бірге туристік демалыс аймағына айналатын болады.

Бүгінде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдаулар да аз емес. Бұл бағытта «Ал-Тур-Су» АӨК-нің ұсынысы бойынша 2021 жылға балық тұқымдарын өсіруге «Ақбұлақ» су көзінің 2 000 метр ұзындығы мен су қорғау аумағында 50 мың балық шабақтарын өсіріп, өнім алу жоспары бар. Бұл - ең алдымен қала халқына жергілікті өнімді ұсынуға, экспортқа балық өнімдерін шығару және туризм саласының дамуына өз ықпалын тигізеді дейді мамандар.