Шымкентте биыл 200 млн теңгеге қайтарымсыз тұрғын үй сертификаттары беріледі

0
517

2022 жылы 58 азамат тұрғын үй сертификатына ие болған еді.


Шымкентте биыл 200 млн теңгеге қайтарымсыз  тұрғын үй сертификаттары беріледі

Елімізде баспанаға мұқтаж азаматтардың саны күн санап артып келеді. Сол себепті халықты баспанамен қамту мәселесі өте өзекті болып тұр.

Осы мәселенің шешімін табу мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын ұсынды. 5 жылға арналған жоба халықтың сапалы өмір сүруіне тікелей әсер ететін мәселелерді шешу үшін қолға алынған.
«Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде базалық көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті кеңейту, өңірлік стандарттарға сәйкес даму әлеуеті бар 3,5 мың ауылда инфрақұрылымды жаңғырту есебінен өңірлер арасындағы өмір сүру сапасындағы алшақтықты қысқарту күтілуде», - делінген құжатта.
Аталған жобаның «Жайлы тұрғын үй» бағыты бойынша 103 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Олардың қатарында тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы, толық емес отбасылар, және мүгедек балалары бар жанұялар бар. Сондай-ақ, жоба аясында мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үйді жөндеу бойынша бюджеттік кредит беріледі деп жоспарланған. Сонымен қатар, жұмыс істейтін жастар үшін 15 мың тұрғын үй салынады.
Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлерінде тиісті тапсырмаларды орындау жұмыстары қолға алынған.
Осы ретте «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасының екінші бағыты бойынша Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталмақпыз.
Өзге өңірлер секілді Шымкент қаласында да тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамту мақсатында түрлі жобалар іске асырылып жатыр. Олардың қатарында «Нұрлы жер», «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бар.


(фото: Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасы)

Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, 50 мыңға жуық азамат баспана кезегінде тіркелген. Олардың қатарында 1941 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 10 524 көпбалалы отбасы, 17 330 халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, 20 147 мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер, 28 жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар бар.
Өткен жылы тұрғын үй кезегіне тіркелгендерге 3 мыңға жуық пәтер берілді. Оның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға 748 пәтер табысталды. 1276 пәтер - «Отбасы банк» АҚ-ы арқылы «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ», «5-20-25» бағдарламалары бойынша несие негізінде берілді.
Ал, биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 324 арендалық, 1621 несиелік және жұмыс істейтін жастарға 888 пәтер беріледі деп жоспарлануда. Жалпы саны 2833 азамат баспаналы болады.
Оның ішінде:
- 324 пәтер арендалық; (кезегі келген халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы, көпбалалы отбасыларға және жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар санатындағы азаматтарға, тұрғын үй кезегіндегі мемлекеттік қызметкерлер
- 1621 пәтер несиелік;
- 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға.
Сонымен қоса, жоба аясында жұмыс істейтін жастарды баспанмен қамту мәселесі де қолға алынған. Аталған санат бойынша 2022 жылы Шымкент қаласында жұмыс істейтін 857 жас арендалық пәтермен қамтылды. Ал, 2023 жылдың соңына дейін 888 жасқа пәтер кілті табысталатын болады.


Айта кетейік, бұл тұрғын үйлерді сатып алу құқығы жоқ. Олар 5 жыл мерзімге жалға беріледі.
Шаһарда 2019 жылдан бастап әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамту мақсатында тұрғын үй сертификаттары беріле бастады. Аталған сертификаттар тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде беріледі. Яғни, әрбір үміткер 1 миллион теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшердегі сертификатқа ие болады.
Шымкент қаласында 2019 жылы 21 азамат, 2020 жылы 101 азамат, 2021 жылы 416 отбасы, 2022 жылы 58 азамат тұрғын үй сертификатына ие болды.

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының мәліметінше, биыл 200 миллион теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып отыр. Ал, 2023 жылдың 23 қаңтарынан бастап тұрғын үй сертификатына электронды түрде құжат қабылдау жүргізілуде. Қазіргі таңда 78 азаматқа тұрғын үй сертификаты берілді.
Елімізде аз қамтылған азаматтар үшін тұрғын үй шығындарын азайту мақсатында тұрғын үйдің жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасы да іске қосылған болатын. Аталған бағдарлама Шымкент қаласында да сәтті жүзеге асып жатыр. Атап айтар болсақ, 2022 жылы бағдарламаға өтініш білдірген 337 азаматтың өтінімі мақұлданған. Ал, биыл 11 отбасының тұрғын үйін жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланды.
Шымкент қаласында биылдан бастап "Qamqor" бағдарламасы іске қосылады. Аталған тұрғын үй бағдарламасына дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.
"Qamqor" бағдарламасына 35 жасқа дейінгі жастар мен 63 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Бағдарлама талаптарына сәйкес, 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға басымдық берілетін болады.
“Тұрғын үйді бастапқы нарықтан немесе қайталама нарықта да үміткерлер өздері тауып сатып ала алады. Қарыздың максималды сомасы 20 млн теңгені құрайды. Кредит бойынша алғашқы жарна - 10%, жылдық мөлшерлеме - 5%, одан әрі жылдық 3,8% -ға дейін төмендейді. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің арқасында ипотека мөлшерлемесін төмендетуге болады. Қарыз бойынша төлемді азайту мүмкіндігі азаматтар үшін қолжетімді болмақ», - деді тұрғын үй басқармасының мамандары.
Аталған бағдарлама аясында несиелеу үшін жергілікті атқарушы орган тарапынан 3 млрд теңге бөлінеді.
Үміткерлерді іріктеу барысында қатысушылардың некедегі жылдар саны, балалардың болуы, жұмыс өтілі, Шымкентте тіркелу ұзақтығы әсер етеді. Сондай-ақ, "Qamqor" бағдарламасына 63 жасқа дейінгі қатысушының және оның отбасы мүшелерінің ҚР аумағы бойынша соңғы 5 жылда меншік құқығындағы тұрғын үйдің болмауы, соңғы 3 жыл ішінде Шымкентте тұрақты тіркеудің болуы тиіс.

Қосымша айта кетер болсақ, үшінші мегаполисте ескірген тұрғын үйлерді жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, 2022 жылы 60 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Биылғы жылы коммуналдық баланстағы 20 көп қабатты тұрғын үйге қайтарымсыз негізде жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Қазіргі таңда бюджеттік өтінімдер ұсыну жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 20 көпқабатты тұрғын үйге қайтарымды негізде «Тұрғын Үй Шымкент» ЖШС арқылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.


Ал, жөндеуге келмейтін тозығы жеткен тұрғын үйлер мәселесін шешу мақсатында биыл реновация бағдарламасы іске қосылды. Жаңа бағдарлама аясында қаланың сәулеттік келбетіне кері әсер ететін ескірген ғимараттар сүріліп, олардың орнына заманауи үлгідегі нысандар салынатын болады. Реновация бағдарламасы негізінде ең алдымен тозығы жеткен тұрғын үйлер және тұрғындардың келісімімен басқа да үйлер бұзылуы мүмкін.
«2023 жылы жалпы саны 86 пәтерден тұратын 6 тұрғын үйді бұзу жоспарланған. Аталған үйлер Абай ауданында – 1, Әл-Фараби ауданында – 1, Еңбекші ауданында – 1, Тұран ауданында – 3. Қазіргі таңда реновациялау жобаларына жеке инвесторлар тарту бойынша «Shymkent ӘКК» АҚ жұмыс жасауда», - деді қалалық тұрғын үй басқармасының өкілдері.
Аталмыш бағдарлама аясында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу меншік иелерінің келісімін алғаннан кейін жүргізіледі. Ал, үй иелеріне бұзылған тұрғын үйдің орнына салынған жаңа пәтерлер беріледі. Меншік иелеріне құрылыс кезеңінде уақытша баспана немесе пәтер жалдау үшін ақшалай өтемақы төленеді. Авариялық және тозығы жеткен үйдің орнына салынып жатқан нысаннан қолданыстағы баспанасының көлеміне сай, жаңа пәтерлер бөлінеді. Сондай-ақ, қосымша ақы төлеген жағдайда тұрғындарға пәтерін кеңейтуге мүмкіндік беріледі. Бағдарламаны 2023-2029 жылдар аралығында жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Қорытындылай келе, Шымкент қаласында ұлттық жобаның «Жайлы тұрғын үй» бағыты бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылғанына көз жеткіздік. Алдағы уақытта Шымкент қаласында ғана емес, еліміздің барлық өңірінде тұрғын үй мәселесі оң шешімін табады деген сенімдеміз.

ERNUR.KZ