Шымкентте боулинг орталығы өртенді (фото репортаж)

0
1 879

Шымкентте боулинг орталығы өртенді. Бірақ, тілсіз жаудың салдарынан мерт болып, зардап шеккендер жоқ.


Шымкентте боулинг орталығы өртенді (фото репортаж)

Бүгін Шымкент қаласында сағат 11:39-да Қонаев көшесінің бойындағы боулинг орталығының ойын залы өртенді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Өрт шалған ғимарат маңынан төтеншеліктер дереу жылжымалы штаб құрып, шұғыл тапсырмалар беріп тілсіз жауды ауыздықтау үшін оперативті жұмыс жүргізді.

Өртті сөндіруге Шымкент қаласындағы ТЖД-ның 25 маманы мен 5 ауыр техникасы жұмылдырылған.

Өрт сөндірушілер бірден түтінге оранған ғимараттағы өрттің күшейуіне жол бермеу үшін жоғарыға шығып, арнайы құрылғылармен шатырын бұзды.

Кенет ауа-райы күрт бұзылып, жаңбыр жауды. Төтеншеліктердің жылжымалы штабын панаға көшіруге тура келді.

Штабтағылардың өзара әңгімесі барысынан ұққанымыз, өрт боулинг орталығының ойын залында тұтанған. Шығу көзі ойын автоматы болуы мүмкін. Ал, ғимараттың өзі 50 шаршы метр болса, төтеншеліктер "тепловизер" арқылы оның шамамен 30 шаршы метрі өртке оранғанын анықтаған.

Төтенше жағдай орын алған орынға ойын орталығының басшылығы да жетті. Өрт сөндірушілер одан ғимараттың техникалық паспортын сұрап, техникалық қауіпсіздікке кімнің жауапты екенін анықтап жатты. Осы сәтте құқық қорғау органдарынан тергеушілер де келіп жеткен болатын.

Әбүйір болғанда, өрттің салдарынан мерт болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Ал, сағат 12:33-те өрт толығымен сөндірілді.