Шымкентте дәріхананы тонамақ болған екеу ұсталды

0
1 475

Қап-қара киініп алған екеу бірден фармацевттен кассадағы бар ақшаны беруді күштеп талап еткен.


Шымкентте дәріхананы тонамақ болған екеу ұсталды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында орналасқан дәріханалардың біріне қарақшылық шабуыл жасалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Биылғы жылдың желтоқсан айының 15-нен 16-на қараған түні белгісіз екі тұлға медициналық бетперде киіп алып дәріхананың кіреберісі арқылы баса көктеп кірген. Қап-қара киініп алған екеу бірден фармацевттен кассадағы бар ақшаны беруді күштеп талап еткен.

Қарақшылардан тығылып қалған дәріхана қызметкері полицияға хабар беріп үлгірген. Тәртіп сақшылары қарақшылық шабуыл жасаған күдіктілерді ізін суытпай қолға түсірген.

"Шымкент қаласының полицейлері дәріханаға қарақшылық шабуыл жасаған қаскүнемдерді ұстады. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 192-бабы «Қарақшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында қызметкерлер қарақшылық шабуылға тағы екі тұлғаның қатысы барын анықтады", - деп хабарлады Шымкент қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.