Шымкентте екі баланың анасын қаскөйлер зорлап, аямай ұрып кеткен

0
1 583

Әзірге күдіктілер ұсталмаған.


Шымкентте екі баланың анасын қаскөйлер зорлап, аямай ұрып кеткен

фото: иллюстрациялық

Шымкентте белгісіз біреулер көшеде кетіп бара жатқан келіншекті өлімші етіп сабап, зорлап кеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл оқиға жайында НеМолчиKZ қоғамдық қорының өкілдері әлеуметтік желіде жария етті.

Фейсбук әлеуметтік парақшасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, қылмыстық оқиға 26 мамыр күні орын алған. Жәбірленуші кешкісін өз үйіне бара жатқан кезде оған бір топ адам шабуыл жасап, қылмыскерлер ұсталған әйелді ұрып-соғып, целлофан пакетпен тұншықтыруған тырысқан. Тіпті тісін түк қалдырмай сындырып, жағының үш жеріне жарықшақ түскен. Сондай-ақ, миы шайқалып, есінен танып қалған.

Қылмыскерлер әйелді өлді деп ойлап, денесін бұтақтармен жауып кеткен екен. Дегенмен, сау тамтығы қалмаған әйел есін жинап, әрең дегенде үйіне жетіпті.

«Оның түрін танып болмайды. Бұл жағдайды көрген күйеуі мен балалары жағаларын ұстап отыр. Жәбірленушінің жолдасы егер әйелі қайтыс болған болса, оны тек қана денесіндегі қалы мен киімдері арқылы тануға болатынын айтқан. Зардап шегушінің өзі де ауыр шок алған. Алғашқы күндері ол қорыққаннан қылмыс фактілерін жоққа шығарып, тіс жарып ештеңе айтпады. Және әлі күнге дейін жауап бермеді» делінген қор өкілдерінің парақшасында.

Полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Әзірге күдіктілер ұсталмаған.

Ресми ақпарат қалалық прокуратураның келісімін алуға жолданған. Жан түршігерлік бұл істі Полиция департаментінің бастығы өз бақылауына алған.