Шымкентте екі бірдей оқушы қызды зорламақ болған педофилге үкім шықты

0
2 761

Біріншісі қашып кеткенде, екінші қызды алдап апарып зорламақ болған.


Шымкентте екі бірдей оқушы қызды зорламақ болған педофилге үкім шықты

Шымкент қаласында тапа тал түсте екі бірдей жасөспірім қызды зорламақ болған ер адам 15 жылға темір торға тоғытылды. Онымен қоса, сотталушыға химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылатын болды. Шымкент қалалық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында бүгін осындай үкім шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

"Сотталушы Еркінбек ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі - 121-бабының 4-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған түпкілікті, педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеуге деп белгілеп, химиялық кастрациялау түрінде мәжбүрлеп емдеу шарасы қолданылған.
Бұлтартпау шарасы бұрынғысынша күзетпен ұстауда қалдырылған,"
- деп хабарлады Шымкент қалалық сотының баспасөз қызметі.

Еске сала кетсек, оқиға биылғы жылдың мамыр айының екісіне орын алған. Сағат 12.30 шамасында Шымкент қаласы Гагарин көшесінің бойында 9 жастағы қыз балаға күш көрсетіп қорқытқан сотталушы көпқабатты үйдің артына апарған. Жыныстық сипаттағы зорлық зомбылық жасамақшы болған ол тоғыз жасар қызға "шешін" деп бұйрық береді. Сол уақытта ер адамның қолын жібергенін пайдаланған қыз бала қашып жөнеледі. Жүгіріп көшеде өтіп бара жатқан адамдардан көмек сұрайды. Арам пиғылын ақырына дейін іске асыра алмаған сотталушы тағы да өз құрбанын іздейді. Сол маңда жүрген 12 жастағы қыз баланы кезіктіріп "үйдің артқы жағында сүйкімді күшіктер жатыр" деп алдап әкетеді. Зорлықшыға сеніп қалған жасөспірім қыздың қолынан ұстап мәжбүрлеп зорламақ боп оқталған. Зәресі ұшқан жәбірленуші қыз бала көмекке шақырып айқайлайды. Жанұшыра айқайлаған қыз баланың дауысын естіген төңіректегі жұрт жиналып жасөспірімді құтқарып қалған. Зорлықшыны қолға түсіріп полиция бөліміне апарып тапсырған.

Айта кету керек, тапа тал түсте екі бірдей жасөспірім қызды зорламақ болған ер адамға қатысты бүгін шыққан сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.