Шымкентте экологияны жақсарту мәселелері талқыланды

0
1 237

Жиында атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарындыларын азайту мақсатында онлайн режимінде экологиялық мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды.


Шымкентте экологияны жақсарту мәселелері талқыланды

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен жиында экологияны жақсарту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дархан Тұрғанбай бұл бағыттағы жұмыстарды баяндады.
Шымкент қаласының негізгі экологиялық мәселелерінің бірі –атмосфераның ластануы. Ауаны ластаушылар – қала аумағында орналасқан ірі кәсіпорындар, автокөлік және қатты отында жұмыс істейтін қазандықтар.
Дархан Тұрғанбайдың айтуынша, ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, Шымкент қаласы бойынша атмосфераға шығарылған ластаушы заттардың шығарындылары 2018 жылы 33 412 тонна, 2019 жылы 28 907 тоннаны құраған. Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің мәліметіне сәйкес, 2020 жылы атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларының болжамды көлемі 28 061 тоннаны құрайды.
Аталған мәселені шешу үшін қала аумағында экологиялық мониторинг жүйесін дамыту қажет. Шымкент қаласы мәслихатының 2021 жылғы 18 наурыздағы шешіміне сәйкес, биыл 10 дана датчиктер сатып алуға, датчиктің бағдарламасы мен орналастыруға қаржы бөлінді.
Сондай-ақ, ауа ластануының тағы бір факторы – автокөлік құралдарының көбеюі. Шымкент қаласында 250 мыңнан астам автокөлік тіркелген, оның ішінде 87,4 пайызы бензинмен, 5,5 пайызы дизельдік отынмен, 7,1 пайызы газбен жүреді. Атмосфераны ластаудың негізгі көздерінің бірі – жылыту жүйелері. Қазіргі уақытта қаладағы табиғи газ тапшылығын толық шешу үшін өнімділігі сағатына 250 000 текше метр 3-ші автоматтандырылған газ тарату станцияның құрылысы аяқталуда.
Жиында атмосфералық ауаға ластағыш заттардың шығарындыларын азайту мақсатында онлайн режимінде экологиялық мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды.
Атмосфералық ауаның жай-күйі жөнінде халықты хабардар ету үшін «Қазгидромет» AirKz мобильді қосымшасындағы деректерді қала аумағында орнатылатын 2 LED-экранда және әкімдіктің ресми сайтында көрсету қарастырылған.
Қазіргі уақытта қала аумағында 2 дана LED-экранды орнату үшін жер учаскелері бойынша мемлекеттік акті рәсімделіп, аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.