​Шымкентте ел бірлігі мен татулықты нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды

0
1 007

8 азамат жоғары марапатқа ие болды.


​Шымкентте ел бірлігі мен татулықты нығайтуға елеулі үлес қосқан азаматтар марапатталды

Бүгін Республика күні қарсаңында Шымкенттегі Достық үйі ғимаратында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, қалалық ҚХА төрағасының орынбасары Ш.Ж.Мұқанның қатысуымен мерекелік кездесу өтіп, ел бірлігі мен татулықты нығайтуға елеулі үлес қосқан 8 азамат жоғары марапатқа ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Еліміз ширек ғасырда толағай табыстар мен жетістіктерге қол жеткізді. Оның ішінде елімізді мекендейтін этнос өкілдері қоғамның түрлі саласында еңбек етіп, берекелі бірлік жолында қазақстандық моделді қалыптастырды.
Бүгінде ассамблея мүшелері ел игілігіне бағытталған байсалды бастамаларға қолдау көрсетіп, ішкі бірлік пен татулықты нығайту жолында жемісті жұмыс жүргізіп келеді.
Осы орайда, Қазақстан Республикасында ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен Шымкент қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Хакимбеков Тахиржан Туйчиевич, Әл-Фараби аудандық өзбек этномәдени бірлестігінің төрайымы Досметова Нуриниса Джамаловна және еврей этномәдени бірлестігінің белсенді мүшесі Белла Атран марапатталды. ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының «Құрмет» грамотасымен «Шымкент қалалық ұйғырлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Искендиров Динмұхамед Жармуханбетович, ҚР Президентінің Қазақстан халқы Ассамблеясының «Алғыс» хатымен Мейірбеков Нұрболат марапатталды.
Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі М.А.Әзілхановтың атынан бірқатар Алғыс хаттар тапсырылды.

Айта кетейік, Шымкенттегі “Көрме” орталығында Ұлттық мерекеге арналған салтанатты шара өтті. Оған шаһар басшысы М. Әйтенов, қалалық мәслихат депутаттары, құқық қорғау орган басшылары мен қызметкерлері, сот, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен БАҚ қатысты.