Шымкентте Елбасы тапсырмасы үш айда 1 пайызға орындалған

0
1 185

Елбасының жұмысшылардың айлығын көтеру тапсырмасы Шымкентте 1 пайызға ғана орындалған.


Шымкентте Елбасы тапсырмасы үш айда 1 пайызға орындалған

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Шымкент қаласында 1 қаңтардан 137 кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы көтерілген, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл туралы ҚР вице премьер-министрі Гүлшара Әбдіқалықованың Шымкентте жергілікті билік өкілдері, кәсіпкерлермен кездесуі барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Жылқыбаев айтты.

"Мемлекет басшысының жолдауында айтылған тапсырмалар аясында жалақысы төмен жұмыскерлердің жалақысын көтеру бойынша қазір елімізде жұмыс қарқынды жүргізілуде. Еліміздің көптеген кәсіпорындары Елбасының бастамасын қызу қолдап отыр. Шымкент қаласына келер болсақ, Жұмыскерлердің жалақысы 22,8 пайызға, орташа 50 мыңнан 61 мың теңгеге көтерілді. Қала бойынша жалпы 14 мыңнан астам кәсіпорында жалақы көтеру жоспарланған. Алайда, соның ішінде жалақыны көтергендердің жалпы саны - 137. Оның ішінде 38 ірі, 42 орта және 57 шағын кәсіпорын бар", - дейді вице-министр.

Осы жылдың 3 айында жоспардағы 14 мыңнан астам кәсіпорынның 137-сі ғана жұмысшылардың жалақысын көтерген болса, бұл Елбасы жолдауында айтылған тапсырманың 1 пайызы ғана орындалғаны деген сөз.

Айта кетейік, ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылы 5 қазандағы Жолдауында "ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ: ТАБЫС ПЕН ТҰРМЫС САПАСЫН АРТТЫРУ" бойынша:

"Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын.

Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды", - деген болатын.