Шымкентте Елбасының қатысуымен арнайы кеңес өтеді

0
1 158

Үшінші мегаполисті дамыту жайы қаралмақ


Шымкентте Елбасының қатысуымен арнайы кеңес өтеді

фото:ҚазАқпарат

ERNUR.KZ. Алдағы уақытта еліміздің үшінші мегаполисі қалай дамиды? Елбасының Шымкент қаласына сапары аясында осы мәселе қаралмақ? Бүгін Елбасының қатысуымен арнайы кеңес өтеді. Қалалық әкімдіктің ғимаратында үшінші мегаполисті дамыту жайы қаралмақ, деп жазады 24.kz.

Миллион тұрғыны бар Шымкент шаһарын өркендету Елбасының жіті бақылауында. Президент жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан арнайы келуінің себебі де осы. Әрине, қаланы дамыту бойынша бірқатар жобалар бүгінде іске асып жатыр. Тұрғын саны көбейген сайын халық қолайлы өмір сүру үшін қажетті жағдай жасау міндеті тұр. Бұл ретте «ақылды» қала жобасы қолға алынған. Ол негізгі 6 бағытты қамтиды. Соның бірі – денсаулық сақтау саласы. Нәтиже жаман емес. Мәселен, заманауи технологияларды қолданудың нәтижесінде бүгінде дәрігерге кезекке тұру 70%-ға азайды. Балабақшаға да кезек екі жарым есеге кеміді. Бұл бармақ басты, көз қысты әрекеттердің жолын кесуге сеп болып отыр. Ал мектепке бүлдіршіндерді қабылдау онлайн жүйеде жүргізіледі. Қазір онда құжаттарды тапсыру мерзімі 43 күннен 20 минутқа дейін қысқарды. Тың жобалардың арқасында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 75%-ға төмендеді. Жалпы қылмыс деңгейі 16%-ға азайып отыр.

Бүгінде Шымкент қаласында шамамен 300 мың адам жұмыссыз. Осы мәселені шешу үшін осыдан 7 жыл бұрын халықты жұмыспен қамту орталығы ашылды. Орталық жыл сайын 15 мың адамға екі қолға бір күрек тауып беріп отыр. Бұл түйткіл Елбасының жіті бақылауында. Бүгін сапар аясында Президент сонда барып, атқарылған шаруалармен танысады. Бұдан бөлек, халықты баспанамен қамту жайы да басты назарда. Қазір «Шымкент сити» мөлтек ауданында 31 көпқабатты тұрғын үй кешені салынып жатыр. Жыл соңына оның тең жартысы қолданысқа берілмек. Бұл ауданында бой көтеретін 27 үйдің кілті пәтер кезегінде тұрғандарға үлестірілетін болады. Бұдан бөлек, қандай жобалар іске асатынын сәлден соң білетін боламыз.