Шымкентте Иран этномәдени бірлестігі аз қамтылған отбасыны қамқорлығына алды

0
1 348

Шымкенттегі «Достық» шағынауданда тұратын жалғызбасты көпбалалы ананың үй-жайына жөндеу жұмыстары жүргізілді.


Шымкентте Иран этномәдени бірлестігі аз қамтылған отбасыны қамқорлығына алды

Шымкентте Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясының аясында игі іс-шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бүгін Шымкент қалалық иран этномәдени бірлестігінің мүшелері «Достық» шағынауданда тұратын жалғызбасты көпбалалы ана Гүлжауһар Спатаеваның үйіне асарға барды.

Қолына құрал-саймандарын ала барған асаршылар алдымен көпбалалы ананың үй-жайына жөндеу жұмыстарын жүргізді. Одан кейін ауласына тас төсеп, үй айналасын шарбақпен қоршады. Әйелдер жағы да қарап тұрмады. Дастархан жайып, көпшілікке дәмді палау дайындады. Оған қоса, азық-түлік себеттерін де ала келген бірлестік мүшелері осы отбасыны өз қамқорлығына алып, алдағы уақытта тұрақты қолдау көрсетіп отыратын болды.

"Өткен ғасырдың басында тағдырдың жазуымен қазақ жеріне келген бабаларымызды жергілікті халықтың ерекше қамқорлығын көрген. Біздің әкелеріміз ол кезде жас болған ғой. Қазақтар оларға өз баласынан артық қарап, отау тігуіне асарлатып көмектескен. Біздің алдыңғы буын қазақтың осынау дархандығын ұмытпай үнемі айтып жүреді. Сондықтан, бір-біріне көмек көрсету арқылы адамдар арасындағы бауырмалдылықты нығайтатын бұл дәстүрдің иран этносы үшін орны ерекше. Оның шарапатын сезініп өскен біздер бүгін көмекке зәру жандар үшін асарлатып, көмектесуді жөн санадық", - дейді қалалық иран этномәдени бірлестігінің төрағасы Мами Сулейман.

Гүлжауһар Спатаева 5 баланы асырап отырған жалғызбасты ана. Балалардың бірі церебральды сал ауруына шалдыққан, ерекше күтімді қажет етеді. Осындай қиын уақытта мейірімін төгіп, көмек қолын созып жатқан ассамблея мүшелеріне айтар алғысы ерекше.

Айта кетерлігі, Ұлы Даланың дәстүрлеріне негізделген қайырымдылық шаралар өткізуді шымкенттік этномәдени бірлестіктер осы жылдың қаңтар айында бастаған. Мұндай игі шаралар «Қамқор», «Тоқымқағар», «Ерулік беру», «Жылу», «Көрімдік», «Бата», «Бес жақсы», «Кәде» сынды атауларымен жыл соңына дейін жалғасып, қарттар мен жетімдерге, науқас азаматтар мен көмекке мұқтаж жандарға жан-жақты көмек көрсетіледі.