Шымкентте қатерлі ісік ауруын тегін тексеретін орталық ашылады

0
1 324

Миллионнан астам тұрғыны бар Шымкент қаласының халқы сапалы ем іздеп, өзге қалаларға сабылмайтын болды.


Шымкентте қатерлі ісік ауруын тегін тексеретін орталық ашылады

Шымкентте қатерлі ісікке шалдыққан науқастар бұдан былай диагностикалық тексеруден өту үшін онкологиялық орталықтағы «ПЭТ» орталығының қызметіне жүгіне алады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нақтырақ айтсақ, жаңа тексеру орталығының жұмысын іске асыру үшін қала әкімі Ерлан Айтаханов түрік компаниясымен келіссөз жүргізіп, жалпы жоба құны 2,7 млрд. теңгені құрайтын екі жақты меморандумға қол қойды. Аталған меморандум аясында түрік инвесторлары қалалық онкологиялық орталыққа соңғы үлгідегі (ПЭТ) заманауи позитронды -эмиссионды томография және науқастарға қажетті радиофармпрепараттарды дайындау мақсатында циклотрон қондырғысын орнатады.

Сондай-ақ, бұл құрал-жабдықты орнату арқылы жылына орташа есеппен 10 мың адамнан онкологиялық аурулардың таралуын ерте сатысында анықтап, өлім-жітім көрсеткішін едәуір азайтуға мүмкіндік береді және түрік компаниясының жобасы бойынша мемлекеттік бюджет есебінен қосымша қаржы бөлінбейді. Яғни, инвестор өз қаражаты есебінен жабдықтарды сатып алып, нысанды жалға алу арқылы халыққа тегін медициналық қызмет көрсететін болады.


Атап айтсақ, қатерлі ісік ауруы ерте сатысында анықталған жағдайда сауығып кету мүмкіндігі мол болады. Ал, «ПЭТ» құрал-жабдығы – қатерлі дерт анықталған жағдайда асқындырмай, емді ерте бастауға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін диагностикадан өту үшін науқастар 2-3 ай уақытқа дейін кезек күтіп, Нұр-сұлтан, Алматы қалаларына баруына тура келетін. Ал, ПЭТ/КТ құрал жабдығын орналастырғаннан кейін диагностиканы қажет ететін пациенттер өзге қалаға сабылмай-ақ, Шымкент қаласындағы онкологиялық орталыққа барып, бір күнде 30-ға жуық адам қажетті тексеруден өте алады. Ең бастысы – Шымкент қаласындағы онкологиялық орталығында науқастардың 100 пайызы зерттеудің бұл түрінен медициналық көмектің кепілденген көлемі шеңберінде тегін өтеді.