Шымкентте кейбір тойханалар сауда орындарына айналды

0
2 810

«Қожа» тойханасы кілем сату орталығына, «Арман» тойханасы тігін цехна айналды.


Шымкентте кейбір тойханалар сауда орындарына айналды

Шымкентте кейбір тойханалар жанама кәсіппен айналысуға көшті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Нақтырақ айтсақ, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың тапсырмасы бойынша Абай ауданы әкімдігі тойхана иелеріне жанама түрде өзге кәсіппен айналысу туралы түсіндірме жұмысын жүргізген болатын. Нәтижесінде Сыпырған ата көшесінде орналасқан «Қожа» тойханасының иесі ғимаратты кілем сату орталығына айналдырды.


– Қазіргі таңда орталығымызда отандық өніммен бірге Туркия, Иран және Өзбекстан елдерінен әкелінген 300-ге жуық кілем бар. Алдағы уақытта кілем саудасын 2 есеге ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, - дейді кәсіпкер Надрбек Икрамов.


Сонымен қатар, ауданның Қызылжар шағын ауданында орналасқан «Арман» тойханасы да енді тігін цехы ретінде жұмысын жүргізуде. Кәсіпкер Серік Әйтілеу де дағдарыс жағдайынан шығу мақсатында ғимараттың ішінен балаларға арналған киім тігетін цех ашып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

- Сапасы шетел өнімдерінен кем түспейтін тігін цехында тәулігіне 300 дана балалар киімі тігіледі. Бүгінде дайын өнімдер қаладағы киім сататын дүкендерге жеткізілуде. Сонымен қатар, алдағы уақыта қосымша жұмыс орнын ашып, тәулігіне 500-600 дана киім тігуді жоспарлап отырмыз, - дейді тойхана иесі.

Жалпы Абай ауданында 80-ге жуық тойхана мен мейрамхана бар.