Шымкентте кітапханалар қайта жаңғырады

0
3 106

Алдағы уақытта кітапханалардан жеке куәліксіз-ақ кітап алуға болады.


Шымкентте кітапханалар қайта жаңғырады
Шымкентте кітапханалар қайта жаңғырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада Есенова мәлімдеді.
Бүгінде қаладағы кітапханалардың қызметіне талдау жұмыстары жүргізілуде.

Биыл 10 кітапхана заман талабына сай жаңғырады. Олар: Отырар, жасөспірімдер кітапханасы (шығармашылық орталығымен бірге), Абай кітапханасы (№5, 8, 11 филиалдарымен бірге), балалар кітапханасын (№2, 8 филиалдарымен бірге).
Шымкент қаласында кітапханалардың басым бөлігі қаланың орталығында орналасқан. Шалғайдағы елді мекендерде кітапханалар жоқтың қасы. Осыған байланысты басқарма басшысы ендігі кезекте шағынаудандар мен елді мекендердегі лайықты мекемелерден кітапхана филиалдарын ашуды ұсынды.

– Кітапханалар жұмысын оңтайландырудағы тағы бір мәселенің бірі – оқырмандардың кітап алуы және өткізуі. Қазір кітапты өзіңмен бірге үйге алып кету үшін міндетті түрде жеке куәлікті қалдыру керек. Бұл келушілерге қолайсыздық тудырады. Сол себепті, әрбір адамға оқырман билетін карточка түрінде 5 минутта шығарып беретін жүйе орнату керек деп санаймыз. Осы жүйенің көмегімен оқырман туралы, алған кітабы туралы ақпарат сақталады. Бұл кейін оқырман санын, сұранысқа ие кітаптар тізімін жасауда үлкен көмегін тигізеді, - деді Х.Есенова.