Шымкентте қоғамдық көліктердің қатары жаңа 300 автобуспен толығады

0
1 393

Бұл туралы қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының сектор меңгерушісі Наурыз Сүгірәлиев айтты.


Шымкентте қоғамдық көліктердің қатары  жаңа 300 автобуспен толығады

Шымкентте биыл 300 жаңа автобус алынбақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Маманның айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы автобустардың 47 пайызы тозған, олардың пайдалану мерзімі 8 және 15 жылдан асқан. Осы мақсатта 1 мың автобусты алу көзделіп отыр. Оның 300-і биылғы желтоқсан айына дейін, ал қалған 700 автобус 2019 жылы алынады деп жоспарлануда.

– Шымкенттегі автобус паркін жаңалау үшін қоғамдық көліктердің қаржысын бөліп алу қарастырылуда. Бұл орайда қалалық әкімдік «БРК-Лизинг» АҚ – қостанайлық «Сарыарқа автопром» үшжақты меморандум жасалды. «БРК-Лизинг» АҚ арқылы 1 мың автобусты 7 жыл мерзімге алғашқы жарнасы 15 пайыз, жылдық 7-8 пайыз ставкамен бөліп төлеуді ұсынды, – дейді сектор меңгерушісі.

Айта кетсек, қазір қалада 26 көлік компаниясы 1090 кестемен қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта Шымкенттегі қоғамдық көліктерге электронды билет жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Пилоттық жоба алдымен 30 автобусқа енгізілмек.