Шымкентте коронавирусқа қарсы шаралар қатаң бақылауға алынды

0
1 731

Бүгінгі таңда Шымкент қаласында аталған инфекция тіркелмеген.


Шымкентте коронавирусқа қарсы шаралар қатаң бақылауға алынды

Шымкентте қоғамдық орындарда коронавирусқа қарсы шаралар қатаң бақылауға алынды. Темір жол вокзалында оқыту жұмыстарын жүргізген медицина мамандары бүгін дайындық жұмыстарын тағы да пысықтады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Теміржол вокзалы бүгінде штаттық режимде жұмыс істейді.

Бүгінгі жаттығу барысында санитар дәрігерлер жедел жәрдем қызметінің көмегімен коронавирус жұқтырған деген күдікпен пойыздан пациентті күтіп алды. Оқу-жаттығу бойынша науқас "Нұр-сұлтан — Сарыағаш" бағытындағы пойыздың сегізінші вагонында келген. Науқасты дәрігерлер бірден оқшаулап, карантиндік боксқа салып, жақын маңдағы ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізді. Осылайша дайындық жұмыстарын пысықтаған медицина мамандары темір жол маңында жүрген жолаушыларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, вирусқа шалдықпаудың жолдарын түсінідіріп берді.

Қауіпті вирусқа қарсы дайындық жұмыстарының орындалу барысы штаб төрағасы қала әкімінің орынбасары Ербол Садырдың қатаң бақылауында. Коронавирусқа қарсы құралған штаб мүшесінде денсаулық сақтау басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік басқармасы, білім басқармасынан құралған мамандар жұмыс істейді.

Коронавирустар – бұл жануарлар мен адамдар арасында кең таралған вирустардың тобы. Жаңа коронавирус – респираторлық аурудың шығуына себеп болып отырған вирус. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, коронавирустың жұқпа көзі жарқанаттар, жыландар, қояндар немесе құс еті болуы мүмкін.
Инфекция ауа-тамшылар арқылы жұғады, науқас адамнан сау адамға түшкіргенде және жөтелгенде, науқастың жеке заттарымен және ыдысын қолдану кезінде беріледі.
Аурудың негізгі белгілері: дене қызуының көтерілуі, жөтел, құсу, ентігу және диарея.
Қауіпсіздік шаралары:
- қолдың гигиенасын сақтау, яғни қолды сабынмен жиі жуу және дезинфекциялау құралдарын пайдалану қажет, әсіресе жөтелу, түшкіру кезінде;
- көзді, мұрынды, бетті қолмен ұстаудан барынша аулақ болу, адамдар көп жиналатын жерлерде бетперде кию;
- жөтел, түшкіру кезінде ауыз бен мұрынды жабу үшін майлықтарды пайдалану, содан кейін оларды қоқысқа тастап, қолды мұқият жуу керек;
- көкөністер мен жемістерді қолданар алдында мұқият жуу;
- дұрыс тамақтану, дене шынықтырумен айналысу, сондай-ақ сегіз сағаттық толық ұйқы сіздің ағзаңыздың иммундық жүйесін жақсартуға көмектеседі.