Шымкентте мемлекеттік мекеме басшылары қатаң ескерту алды

0
1 705

Департамент басшысы мемлекеттік қызметшілердің масаң күйде автокөлік құралдарын басқару және қызметтік автокөлік құралдарын жұмыстан тыс уақытта мақсатсыз пайдалану жағдайларына жол бермеу керектігін ескертті.


Шымкентте мемлекеттік мекеме басшылары қатаң ескерту алды

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Амантайұлы Көмекбаев Агенттіктің жұмысының негізгі бағыты бұзушылықтарды алдын-алуға, кәсіби мемлекеттік аппарат құруға және азаматтар мен мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталғанын ерекше атап көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылатыны және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қоятыны жиналысқа қатысушыларға қатаң ескертіліп, бірқатар мемлекеттік қызметшілер Әдеп кодексінің талаптарын сақтамай, өздерінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын негізді сынға себепкер болып отырғаны атап өтілді.

Мысалы, биыл Кентау қаласының кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы, Отырар ауданының әділет басқармасының басшысы және Ордабасы ауданының Бөржар ауылдық округінің әкімі масаң күйде автокөлік құралдарын басқарып, әдептілік талаптарын өрескел бұзу жағдайлары орын алған.

Нәтижесінде аталған тұлғалар атқарып отырған лауазымдарынан босатылған. Осы ретте, Департамент басшысы мемлекеттік қызметшілердің масаң күйде автокөлік құралдарын басқару және қызметтік автокөлік құралдарын жұмыстан тыс уақытта мақсатсыз пайдалану жағдайларына жол бермеу мақсатында құзырлы мемлекеттік орган қызметкерлерімен жүйелі түрде Шымкент қаласы аумағында рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылатынын, бұзушылық анықталған жағдайда аталған тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігі қатаң түрде қаралатынын жиналысқа қатысушылардың назарына жеткізді.

Оған қоса, жиналыс барысында Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаметінің өкілдері мемлекеттік қызметшілердің сыйлық және сыйақы қабылдау мәселесіне тоқталып, мемлекеттік қызметші бағынысты тұлғалардан немесе оның қызметтік уәкілеттігі жүретін өзге де тұлғалардан сыйлық және сыйақы қабылдауға құқығы жоқтығы жиналысқа қатысушыларға түсіндірілді.

Сыйлықтар берілген күннен бастап 7 күнтізбелік күн ішінде ерікті түрде арнайы қорға тапсырылуы, ал алынған қаражат екi аптадан аспайтын мерзiмде республикалық бюджетке аударылуы қажет.

Осы ретте, аталған мерзімдердің бұзылуы қылмыстық не әкімшілік жауаптылыққа тарту үшін негіз болатыны қатаң ескертілді. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдептілік талаптарын өрескел бұзу деректері орын алған жағдайда Департаменттің 51-51-51 сенім телефонына, Департамент facebook жүйесіндегі мекен-жайы: facebook.com/depshymkent парақшасына және Департаменттің WhatsApp телефон 8-702-201-51-51 нөміріне хабарласуға болатыны жиналысқа қатысушыларға қатаң ескертілді.