«Шымкентте нан бағасы неге қымбаттады?»: Жауапты басқарма себебін айтты

0
2 093

Шымкент қаласында жыл басынан бері нан бағасы 21,6%-ға көтерілген.


«Шымкентте нан бағасы неге қымбаттады?»: Жауапты басқарма себебін айтты

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Атап өтсек, осыған дейін Шымкент қаласында ұн жетіспеушілігі байқалып, тиісінше тауарлардың да бағасы өсіп жатқанын хабарлаған едік. Нәтижесінде, шамамен бір апта бұрын дүкен сөрелеріндегі нан бағасы артып, қала халқы «Нан қымбаттады» деп дүрлігіп жүр. Осыған орай ERNUR.KZ тілшісі сауда орындары мен наубайханалардағы ас атасының құнымен танысып, жауапты басқармадан көптің көкейіндегі «Нан неге қымбаттады?» деген сұраққа жауап іздеген болатын.

Алдымен, өзіміз көзбен көрген бағаларға тоқталайық. Шымкенттегі «Акбар» базарында орналасқан наубайханадағы нан бағасы шамамен бір апта бұрын 50 теңге еді, қазір 60 теңгеге көтеріліпті. Ал, наубайханадан 300 метр қашықтықта орналасқан және қаланың кейбір жерлеріндегі дүкендер сөресіндегі тандыр нан 70 теңгеден және бөлке нан 75 теңгеден сатылып жатыр. Тіпті қаланың шетіндегі «Қызылжар» шағынауданындағы дүкендерде бұл тауардың бағасы 85 теңгеге дейін жеткен.


Ал, аталған мәселеге байланысты Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына хабарласқанымызда жауапты мамандар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы өскені туралы ресми мәлімдеме жасады.

Аталған ақпаратқа сүйенсек, 2019 жылдың басынан бері І сұрыпты ұн бағасы – 26,1% және нан бағасы 21,6% -ға өскен. Сонымен қатар, 2019 жылдың IV тоқсандағы шекті бағамен салыстырмалы көрсеткіш бойынша нан бағасы – 19,5% (118 тг. - 141 тг.), І сұрыпты ұн құны – 17,9%-ға (123 тг.-145 тг.) көтерілген.

«Азық-түлік тауарлары бағасының бұлай қымбаттау себебі: тауар өндірушілер бағасының артуы, маусымдық және экспорттық артуы мен тауардың басқа өңірлерден тасымалдануы», - делінген Шымкент қаласының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының мәлімдемесінде.

Сонымен қатар, бағаны тұрақтандыру шаралары негізінде,әр аптада тұрақты түрде 4 рет ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі ұйымдастырылып жатыр екен.


Алайда, бұл шаралар әрбір отбасы күнделікті тұтынатын нан бағасының тұрақтауына және кәсіпкерлер мен саудагерлердің қит етсе көтере қоятын бағасына әсер ете қоймайтын секілді!